Қазақстанда вейптердің сатылымына бір жыл ішінде тыйым салынуы мүмкін

Өйткені бүгінде еліміздегі балалардың 15%-і осы вейп тартуға құмар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егер Мәжіліс осы ұсынысты қолдаса, темекіге теңестірілген вейптердің саудасы шектеледі. Бұл туралы «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмиля Садықова мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы он жылда Қазақстанда темекі өндірісі екі есе қысқарды. Сондай-ақ темекі құны қымбаттағаннан кейін тұтынушылар да азайды. Дегенмен қазір вейбтер мен қыздырылатын табак тұтынушылары көбейген. Әсіресе оқушылар мен жастар арасында осындай өнімді пайдаланушылар көп. сондықтан бұл өте өзекті мәселе болып тұр, дейді Ұлттық коалиция өкілі. Айта кетейік, 2019 жылғы деректер бойынша қазақстандықтардың 21 проценті темекі тартады.

Садықова Жәмиля, «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының көшбасшысы:

Вейп EVALI ауруын тудырады. Вейп арқылы қыздырылған сұйықтық өкпеге түседі. Қарапайым тілмен айтқанда, ол өкпені күйдіріп қана қоймай, ішінде жиналады.  Салдарынан өкпе біртіндеп істен шығады. Мұндай науқастарды тек өкпе трансплантациясы құтқаруы мүмкін немесе өкпенің зақымданған бөлігін алып тастау керек болады. Халықаралық зерттеулер осыны көрсетті.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда әрбір екінші бала вейпті тартып көрген. Жалпы балалардың 15 проценті вейп тұтынады. Ересектер арасында әр түрлі табак өнімдері сұраныста. Болжам бойынша биыл 5 миллиард дана қыздырылған табак тұтынылады. 2018 жылы бұл көрсеткіш жарты миллард дана болған. Яғни қыздырылатын табакка сұраныс жыл сайын артып барады.