Қостанай облысында балалар демалысына арналған 1900-ден астам орын жұмыс істейді

Қостанай облысында биыл балалардың демалысына арналған 1900-ден астам орын жұмыс істейді. Оның 10-ы лагерь, қалғаны мектеп жанынан ашылған ойын алаңдары. Жауапты мамандар өңірдегі балалардың барлығы жазғы демалыспен қамтылатындығын айтады.

Бұл Меңдіқара ауданындағы «Лесная сказка» лагері. Мұнда жаз бойына Рудныйдағы мектеп-интернаттың ерекше күтімді қажет ететін тәрбиеленушілері демалады. Барлығы 125 бала. Олардың ас-тағамы, басқа да қажеттіліктері бәрі бюджет есебінен. Он жыл бұрын кұрделі жөндеуден өткен демалыс лагері бар талапқа сай.   

Оксана Таранухина, жазғы лагерь басшысы:

- Қазір ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Маусымның ортасына таман балаларды қабылдауға дайын боламыз. Бүгінде төтенше жағдайлар қызметінің тексерісінен өттік. Енді санитарлық дәрігерлердің шешімін алу үшін құжаттар  тапсырамыз.  

Жалпы қала сыртындағы он лагердің үшеуі жетім балаларға арналған. Әлеуметтік жағынан нашар қамтылған балғындардың жазғы демалысына бюджеттен 90 миллион тенге бөлініп отыр. Бірақ сол табиғат аясындағы  арнайы демалыс орындары аздық етеді. Облыстағы барлық мектеп оқушыларының тек 10 проценті ғана қала сыртындағы жазғы лагерлерге бара алады. 

Қаламқас Қаратаева, облыстық білім басқармасының бас маманы:

- Бізде ауысым ұзақтығы 10 күнмен 15 күннің арасында, жолдаманың құны 15 мыңмен 45 мыңның арасын қамтиды. Қазіргі таңның өзінде бізде жолдамалардың барлығы сатылып бітті.  Бұның сыртында бізде тағы да 200 жуық бала Балдәурен республикалық сауықтыру орталығына барып демалады. 

Қала сыртындағы лагерьлерден тыс 700-ден астам мектеп жанында алаңқайлар жұмыс істейтін болады. Жалпы сала мамандары облыстағы 102 мың оқушының 97 проценті осындай демалыс орындарымен қамтылады деп отыр.Және әр күндері мағыналы, қызықты өту жағы да жан-жақты қарастырылған дейді. 

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг