Алматылық кейуана 80-ге таяғанда пауэрлифтингтен Азия чемпионы атанды

69 жасында спортқа бет бұрып, 75 жасында жеңіске жеткен алматылық Светлана Казанцева спортпен шұғылдану ешқашан кеш еместігін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пауэрлифтингтен Азия чемпионатын жеңіп алған ардагер спортшының ендігі арманы – әлемдік шыңды бағындыру. 80-ге таяса да әлі сергек, себебі спортты жанына жақын тұтты. Салауатты өмір салтын ұстанған Светлана Казанцева дене тәрбиесінің денсаулық кепілі екенін кеш ұққанын айтады. «Егер кәсіпқой спортты ерте жастан қолға алғанымда осы күні әлемдік рекодтардың талайын ауыздықтайтын едім», – деп ағынан жарылды ардагер спортшы. 

Светлана Казанцева, ардагер спортшы:

Шынын айтсам, спортқа ойламаған жерден келдім. Жон арқам тырысып, тіпті әрі-бері жүруімнің өзі қиындап кеткен соң қызыма бар жағдайымды айттым. Ол өзі спортшы болатын. Жаттығуына шақырды. Дәрігерге барғанша бой жазып спортпен шұғылданып көр деді. Міне, бәрі содан басталды.  

Осылайша қызының ақылына құлақ асқан Светлана 69 жасында жаттығу залына бас сұғады. Пауэрлифтинг спорты сол күннен бастап Казанцеваның серігіне айналып, уақыт өте келе жарысқа қатыссам деген арманы пайда болды. Бапкері Иван Давыденко қарсы болмапты.

Иван Давыденко, жаттықтырушы:

Ол кісінің спортқа деген қызығушылығы күн санап артты десем қателеспеймін. Буын-буындары ауырып келген соң басында көп қинаған жоқ едік. Уақыт өте келе нәтижесі жақсара берді. Жарысқа қатыссам деген ниетін білдірді. Күнделікті құлшынысын көріп, қалай жоқ дейін. Тәуекел дедік.

Тәуекел түбі желқайық деген. Светлана Казанцева пауэрлифтингтен ардагерлер арасындағы Азия біріншілігінде қоссайыста 165 келі салмақты еңсеріп Азия чемпионы атанды.

Светлана Казанцева, ардагер спортшы:

Ең бірінші осы спортқа алып келген қызыма алғыс айтамын. Одан кейін жаттықтырушыма. Осы спорттың арқасында қазір ауру-сырқауым жоғалды. Қазір тіпті автобустарға секіріп мінем десем де болады.

Светлана Казанцева спортқа кез келген жаста келуге болатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. 75 жасында құрлықты мойындатқан ардагер спортшы енді 80 жасында әлемдік шыңды бағындырсам деп армандайды.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев