Петропавлда үйі өртенген тұрғындар өтемақысыз қала ма?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Халық арасында «Копай» деп аталып кеткен ықшам аудан сүріліп, орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынуы тиіс. Бірақ биыл белгісіз себептермен 10 шақты үй өртеніп кеткен. Тұрғындардың айтуынша, оны бәзбіреулер қасақана жасауы мүмкін.

Бәрі күйіп кетті. Енді қайда барытынымызды білмейміз. Міне, мына гараждың ішінде осында тұрамыз. Енді қайтеміз? Баратын жер жоқ.

Бақыт Сатанованың сүрілуі тиіс үйі бір күнде жермен жексен болды. Енді зейнеткер мүгедек баласымен бірге өтемақысыз қалды. Шенеуніктер «тек жер телімі үшін төлейміз» деген. Ал, оған бір бөлмелі пәтер де келмейді.  

Бақыт Сатанова, қала тұрғыны:

- Акиматта айтады, үйдің бағасы әлі болған жоқ дейді. Осы жерде үй салып қоймасаңдар сендерге үй болмайды дейді. Үй болғаны рас қой. Олар айтады жоқ компенсация болмайды. Сүйдеп айтты. Үй болмайды деді. Ешқандай көмек болмайды деп, сүйдеп айтты.

Бұл оның ғана басына түскен жағдай емес. Соңғы кездері «Копай» ықшам ауданында бірнеше үй жанып кетті. Енді қалған тұрғындар қорқып отыр. 

Әділ Мәулітбай, қала тұрғыны:

- Біздің талабымыз – мүлкіміз тез арада бағалансын. Ертең үйіміз күйіп кетсе, дымсыз қаламыз. Құр жер үшін ғана өтемақы төлейді.

Қаланың қақ ортасындағы ықшам ауданда не жол, не су, не кәріз жүйесі жоқ. Үйлер де әбден ескірген.  Жергілікті билік өкілдері олардың орнына пәтер немесе ақшалай өтемақы ұсынып отыр. «Ал, өрт жағдайы бөлек қаралады», - дейді шенеуніктер. 

Жанболат Батырбеков, қала әкімінің орынбасары:

- Қазір біз төтенше жағдайлар қызметінің анықтамасын күтіп отырмыз. Өрт қағаз жүзінде расталса, өтемақының төленуін комиссия шешеді.

«Копай» ықшам ауданында 120 – ға жуық үй сүріледі. Олардың орнына 27 көпқабатты тұрғын үй кешені мен мектеп, емхана, балабақша салынады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев