Алматыда арнайы жасақ ойындары өтті

Былтыр 9 маусым «Арнайы күштер күні» күні болып бекітілген еді. Атаулы күнге орай ҰҚК Шекара қызметі бірінші рет жарыс ұйымдастырды. Сайыстың  алғашқы сынында  команда  50 метр жүзіп, су түбінде жасырылған тапсырманы табуға тиіс,  деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда айдынға сүңгу оңай емес. Сондықтан шыдамдылық пен ептілік керек. Бұдан кейін 5 адамнан құралған команда тоғайды барлап, тапсырмада көрсетілген бағытпен жүреді. Үшінші кезеңде жауынгерлер өзен жағасына Жиналады.  

Алмас Садуақас, тілші:

- Жағалауға жеткен жауынгерлер жарыстың келесі тапсырмасын орындау үшін екінші жағаға аспалы арқанмен өтеді. Ал, бұл жасақ арқан тартудың өзіне жрты сағат уақыт жұмсады.

Жауынгерлер әрбір кезең кедергілерінен неғұрылым жылдам өтулері керек. Бірақ ереже бұзылса, ұпайлары кемиді. Ол жеңіске жету мүмкіндігін азайтады. Бұдан кейін команда химиялық зақымдану аймағынан өтіп, қарсыластың әскери техникасына шабуыл жасап, ғимаратты басып алулары қажет.

Артынша азимут бойынша қозғалып, «Кросфит» сынында жауынгерлік даярлығын көрсетеді. 150 келілік ауыр дөңгелекті 20 рет аударып, 50 келілік зілтемірді 50 рет көтерулері қажет. 

Владимир Крухмалев, нұсқаушы:

- Осындай жарыстарды жиі өткізіп тұру керек. Бөлімшелер арасындағы қарым-қатынас  нығаяды. Жаттығу алаңында жауынгерлер өз қарым-қабеліті мен шеберлігін көрсетіп, бір-бірінен үйренеді. Бәсекелестік ортада адамның психологиялық дайындығы көрінеді.

Руслан Жампейісов, ҚР ҰҚК ШҚ Арнаулы мақсаттағы басқарма басшысы:

- Бір күннің ішінде барлық жағынан өзін көрсету керек. Біріншіден, денешынықтыру жағынан өзінің шыдамдылығын, мықтылығын, күштілігін. Одан кейін ату дйындығынан қандай деңгейде. Барлық қарумен ату. Шыдамдылық. Және бұл жерде ең көп бөлінетін сұрақтың бірі ол психологиялық дайындық. Мысалы топтың ішінде жұмыс істеу.

Ал, қорытынды кезеңде қатысушылар мергендіктерін танытады. Тапанша, автомат және пулеметпен 300-500 метр қашықтықтағы нысананы дәл көздеп атуы тиіс. Әр жауынгердің көрсеткіші ортақ ұпайға қосылып, есептеледі. Алғашқы жарысты «Арнайы жасақ ойындарын» Шекара қызметінің арнаулы мақсаттағы басқармасы жеңіп алды.

Авторлары: А.Садуақас, Э. Кон