Жақсыбай ауылы байланыс аясынан тыс жерде – БҚО

Интернет игілігінен шет қалып отырған Жақсыбай ауылы дәл шекара аумағында орналасқан. Мыңның үстінде тұрғыны бар ауыл халқы ғасыр жетістігін пайдалану үшін көрші елдің байланыс қызметін тұтынуға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудан орталығы ең жақын орналасқан Ұзынкөл ауылында да осыған ұқсас жағдай.

Бексұлтан Забихолла, оқушы:

- Мен интернет болса мысалы пайдалы заттарға жұмсайтын едім, мысалы өзімізге қызықты мақал-мәтелдер сондайлар іздейтін едім. Бізде қазір российский роутер, ал қазақстанский әлі шыққан жоқ. Білмеймін ал қазақстанский неге шықпағанын? 

Асылхан Иманғалиев,  информатика пәнінің мұғалімі:

- Ауылдың өзінде интрент мәселесі өте нашар. Бірақ мекемелерде ауылдық әкімдікте, мектеп пен амбулаторияда интернет жақсы. Неге десеңіз опитка волокно интернет жалғаған болатын осыдан екі жыл бұрын.  Тұрғындар осы  ресей елінің провайдерінің интернетін пайдаланып отыр. соның ішінде өзім де. Неге пайдаланымыз себебі интернет өте жақсы, 4G, жылдамдығы шамаммен 25 мгб секунд.

Нұрлан Едігенов,  Ұзынкөл ауылының тұрғыны:

- Біздің ауылға 2021 жылы қойылды интернет желісі. Бірақ қазіргі таңда 100 пайыз жасамайды. Өйткені біз мемлекеттік сайттарға кіру арқылы немесе әлеуметтік желілерге 10-15 минуттан кейін кіре аламыз. Біз сол порталдармен жұмыс істеу үшін 22 шақырым жердегі Жәнібек ауданына барып кіреміз. Немесе өзіміздің ауылдық мектептен ғана кіріп қолданып отырамыз.

Жәнібек ауданына қарасты 9 ауылдық округтың жетеуі талшықты оптикалық желіге қосылған. Жоспар бойынша Талов пен Борсы ауылына екінші кезеңде тартылуы тиіс еді. Бірақ, мемлекет пен жекешелік әріптестік аясында жүргізілуі тиіс жұмыстар әлі басталған жоқ. Осы округтерге қарайтын 18 елді мекенде жағдай тіпті қиын. Сонымен қатар, аудан орталығы Жәнібек 4, ал округтер 3G және Н+ мобильді интернетпен қамтылған.

Жақсылық Абдолов,   Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:  

- Елді мекендерде жалпы интернет байланысы қиындық тудырады. Әсіресе Жақсыбай, Тегісшіл, Майтүбек, Талов, Ағадыр, Жігер, Құрсай, Көлтабан елді мекендерінде интернет желісі нашар. Қазір бұл жерлерден республикалық жолдар өтеді. Енді келешекте осы республикалық жолдар бойындағы интернет сапасы жақсарады деп сенеміз. Байланыс желілеріне, соның ішінде осы салада көрсететін операторларға ұсыныс хаттар жолдап жатырмыз. Әзіргі күнге  интернет сапасы елді мекендер бойынша жақсара қойған жоқ.

Батыс Қазақстан облысындағы 416 елді мекеннің 323-і интернетке қосылған. Әрине, олардың дені мобильді байланыс операторларының көмегіне жүгінетіні рас. Өкінішке қарай, сапасы көңілден шыға бермейді. Өңіраралық байланыс инспекциясы жыл басынан бері жоспардан тыс 18 рет тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, 14 ауылда ұялы байланыс операторларының қызмет сапасы  техникалық өлшеу параметрлеріне сәйкес болмай шықты.

Айвар Сұлташев,  Өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы:

– 3G интернет жылдамдығы 1 мегабит секундтан кем болмауы керек, ал олар 4G қызмет ұсынса оның жылдамдығы 5 мегабит секундқа тең. Бірақ, көбіне базалық станцияға шамадан тыс күш түседі немесе өзге де себептерге орай қандай да бір ауылды интернет ағынымен қамти алмай жатады. Жүргізілген тексерістер нәтижесі бойынша әкімшілік жаза ретінде жалпы сомасы  8 миллион 882 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.    

Нұрсұлтан Нұрлан,  БҚО Ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы:

-Келесі үлкен мәселе ауылдық елді мекендерде қойылатын усилитель сигнала деген бар, мысалы репиторлар. Мысалы бір ауылда 3G базалық стансасы орнатылған. Ол мың адамға байланыс беріп отырады. Алайда 5-6 үйде жаңағы усилительдерді қойып қойса ол байланыс спектрін сол жаққа беретін болады. Соның есебінен ауылдың арғы бетінде тұратын тұрғындарға ол кері әсерін тигізеді.

Цифрлы Қазақстан бағдарламасы бойынша соңғы 3 жылда 200-ден аса ауылға талшықты оптикалық желі тартылу жоспарланған еді.  Бұл жоспар жартылай ғана орындалды. Ал, аймақты толықтай кең жолақты интернетпен қамту әзірге мүмкін болмай отыр. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов