Балалар ойыншығынан қауіп бар ма?

Ойыншық дүкендеріне бас сұқсаңыз көзіңіз тұнады. Олардың алуан түрлілігі өз алдына, сәби сананың қалыптасуына, ой-өрісінің дұрыс жетілуіне пайдасы зор, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек оны қайдан, қалай таңдап алу керек? Бүгінде жайма базарлардан азық-түлік қана емес, тауар алудың қауіпті екенін тұтынушы жақсы түсінеді. Сондықтан халық қымбат та болса, сапалы, құжаты бар өнімді қалайды.

Альбина Ізғалива,тұтынушы:

- Мен көбіне ініме, сіңіліме ойыншықты осындай дүкендерден аламын. Себебі базарлардағы тауарлардың сапасы қандай білмейміз. Сертификаттары жоқ. Ал мына магазиндерде сертификат болады. Қандай бренд, неше жасқа, қолданытын көбіне сондай ойыншықтар аламыз.

Өзге тауарлар секілді Атырауға ойыншық өнімдері де шетелдерден, соның ішінде Қытай, Ресей және Беларусь елдерінен келеді. Олар сатылымға түспес бұрын тексеріліп, құжаттары рәсімделеді. Әсіресе, 1 жасқа дейінгі бөбектерге арналған ойыншықтарға талап жоғары.

Дания Нұржанова, сатушы:

- Біздің практикамызда ойыншықтан улану дерегі кездескен жоқ. Тауарлардың барлығы сертификатталған. Егер қандай ма бір жарамсыз, бүлінген ойыншық болса, біз оны тасымалдаушыға болмаса, тауар өндірушіге кері қайтарамыз.

Санитарлық қадағалау департаментінің міндеті шетелдерден келетін өнімдердің сапасы мен адам ағзасына қаупі бар жоғын анықтау. Олар өткен 5 айда 56 түрлі ойыншық өнімін тексеріп, оның 38-нің стандарттарға сәйкес келмейтінін анықтапты.

Фариза Қайрошова, облыстық СЭБД, Бақылау бөлімінің басшысы: 

- Ойыншықтарды тексергенде, физикалық-химиялық және таңбалану бойынша көрсеткіштерге сараптама жүргізуге жібереміз. Өндірушілердің тарапынан сыртындағы өнімнің атауы, өндірушінің атауы мен мекен-жәйі, сақтау мерзімдері қашан шығарылған уақыты сәйкессіздіктер анықталып отыр. 

Соңғы 3 жылда Атырауда баланың ойыншықтан улану дерегі тіркелмепті. Дегенмен еліміз бойынша белгіленген ереже бойынша жарамсыз деп танылған ойыншық өнімдері толықтай жойылды. Келешекте мамандар ойыншық дүкендеріне әр айдың басында рейдтік шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев