Екібастұзда мамандандырылған ХҚКО ашылады

Павлодар облысы тұрғындарының 98 пайызы сапалы ғаламторға қол жеткізген. Яғни, 758 мың тұрғын интернет желісімен қамтылған. Алдағы уақытта шалғайдағы ауылдар да ғаламторға қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған қарамастан, Павлодар қаласы Smart city рейтингінде 13-орында тұр. Цифрлық даму, инновациялар және әуеғарыштық өнеркәсіп министрі Бағдат Мусин өңірге жұмыс сапары барысында жергілікті билік өкілдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету керектігін айтты. Министр облыста тұрғын үй-коммуналдық сектордағы қызметтердің автоматтандырылмағанын тілге тиек етті. Павлодарлықтармен кездесуде Екібастұзда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы, ал облыс орталығында құжаттандыру терминалы ашылатынын мәлімдеді. Бағдат Мусин айти-саласы үшін кадр даярлау мәселесіне де тоқталды. Болашақта аймақтық айти-хаб та құрылуы мүмкін.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және әуеғарыштық өнеркәсіп министрі:

– Егов дегеніміз бір ғана мобильді қосымша, ал артында 500-дей ақпараттық жүйе тұр. Біз мемлекеттік орган ретінде барлық жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек. Ал адамдарға тиімді қызмет көрсету үшін біз электронды үкіметтегі бар мемлекеттік қызметкерді басқа да порталдар арқылы алуға қолжетімді жасап жатырмыз.