Қызылордада жедел жәрдем станциясына түсетін шақыртулар әдеттегіден 9 процентке көбейген

Маусым, шілде айларында Қызылорда облыстық жедел жәрдем станциясына түсетін шақыртулар әдеттегіден 9 процентке көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның басты себебі – күннің ысуы мен бау-бақша өнімдерінің сауда сөрелеріне көптеп шыға бастауымен байланысты,- дейді мамандар.

Қарлығаш Айдарбаева, облыстық Жедел жәрдем стансасының аға дәрігері:

- Ішек қабынуы болды, іш кетулер болды сондай шақырыстар өте көбейді. 1 жасқа дейінгі балалар саны 169-дан 204-ке дейін көбейді. Яғни 17 пайызға дейін осы шақырыстар өсті.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына да іші ауырып келетінедердің қатары көбейген. Осындай шағыммен бір күнде шамамен 50-60 адам дәрігерге қаралады екен. Оның жартысынан көбіне жедел ішек инфекциясы диагнозы қойылған. 

Гүлбақша Жексенбай, облыстық Жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-эпидемиологы:

- Былтырғы жылмен салыссақ 2021 жылы 715 науқас жедел ішек инфекциясымен ем алып шыққан. Оның 616-сы 18 жасқа дейінгі балалар. Ал қазіргі таңда науқастар саны мыңнан артқан, яғни осы еесептік кезеңде 2022 жылы.

Гүлзуана Жәнібекова, қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Жүргізілген эпидемиологиялық тексеру, зерттеу барысында қорытындысы бойынша, аурудың басты тарау себептері, үй жағдайында дұрыс дайындалмаған тағам өнімдері және балаларды тамақтандыру мен күтудің ерекше шарттарының сақталмауы және жаз маусым айларында көкөністер, жеміс-жидек дақылы өнімдерін пайдалану болып келеді.

Өткен жылы өңірде жедел ішек аурулары әлдеқайда аз болыпты. Оны дәрігерлер карантиндік шектеулермен байланыстырып отыр. Дегенмен эпидемиологтар сауда сөрелеріндегі тағамдар мен бау-бақша өнімдеріне тиісті талаптарға сай мониторинг жүргізілетінін айтады. Сонымен қатар, ауырмаудың басты жолы – сатып алғалы тұрған өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап ету және жеке бас гигиенасын ақтау  ескертеді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Нұржан Мұзарапшин