Отандық такси қызметі қашан пайда болады?

Астана тұрғыны Александр жолаушы тасымалдаумен айналысатын көп қазақстандықтың бірі. Ресми такси қызметінде 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көлік те, жолаушы да сақтандырылған. Күніне15-20 тапсырыс қабылдайды. Жанармай мен өзге де шығынды қоспағанда шамамен 20 мың теңге пайда табады.

Александр Андреевич, қала тұрғыны:

- Тапсырыстың 15 процентін ғана төлейміз. Бұдан басқа жарна жоқ. Айына 25 күн жұмыс істеймін. 4 күн демаламын. Зейнет жасына жақындап қалдым. Тұрақты жұмысым жоқ. Сондықтан ресми таксиде жұмыс істеп жүрмін. Мұнда бірқатар басымдық бар. Мәселен, біз автобус жолымен жүре береміз. Сол себепті кешікпейміз.  

Мұрат Өмірзақұлы да такси жүргізушісі болып өз нәпақасын тауып жүр. Ол  бір күнде 30 тапсырысқа дейін қабылдап үлгереді. Бірақ бұған 12 сағаттан астам уақытын жұмсайды. Ол ресми такси қызметінің жүргізушісі. Сондықтан мобильді қосымшаның көмегімен жұмыс істейді. Алайда компания шетелдік болған соң, табысының едәуір бөлігі өзіміздің емес, өзгенің қазынасын толтыруға жұмсалып жатқанына көңілі толмайды.

Мұрат Өмірзақұлы, қала тұрғыны:

Өзіміздің приложениесі болса жақсы болады деп ойлаймын. проценті де аз болады деп ойлаймын. отандық өнім болған соң пайда табасың деп ойламаймын индрайыермен. Мысалы 1000 теңгемен баратын болсам 150 теңге ұстайды.

Қазір жолдың жиегінде тұрып, такси ұстайтындар аз. Есесіне, көлікті мобильді қосымша арқылы шақыратындар көп. Рас, қазір баға қымбат. Тіпті соңғы уақытта шарықтап кетті. Алайда бұл қаражаттың бәрі жүргізушінің қалтасына кетіп жатқан жоқ.

- Қазақстанда көп адамдардың тіршілігі такси. убер, индрайвер такси шетелге кетеді. айына 150 мыңға таксовать еткен адам қалтасына 70 мың ғана қалады. не честно.

- Жолдас жігіттерім такси қызметін көрестеді. Олар енді жұмыстары болмағаннан кейін амал жоқ. таксовать етуге тура келеді. Бірақ проценті көп. 5-10 % болса түсінікті. ал 20-25 процент ол үлкен. былай қарасаңыз табысының 25 процентін алып қойып жатыр ғой. Өзіміздің мемлекет ашса да өзімізде қалғаны дұрыс.

- Индрайверден олар подписка ретінде төленеді. заказ қабылдау үшін 1000 тнг салып қоям. заявкаларды қабылдап, таксовать етесің. Қазақстанда сол отандық такси шықсапроценті аз болады деп ойлаймын. Тиімді болар еді. Күнінен 15-20 мың теңге.

Бұдан соң «неге отандық компания ашпасқа» деген заңды сауал туындайды. Алайда Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін «Қазақстан нарығына ғана арналған жобаның тиімсіз екенін» айтты. Тіпті, еліміздегі бәсекелестік жағдайына төтеп бере алмаған қытайлық компанияны мысалға келтірді. Ал Такси қызметі қауымдастығы өкілдері қазақстандық кәсіпкерлер бұл мақсатта қыруар қаражат жұмсауға әзір емес дейді.    

Медет Құрманов, Такси қызметі қауымдастығының төрағасы

- Платформаға 100 мыңнан аса - 1 млн долларға дейін қаражат кетеді. жазудан басқа маркетинг қызметі бар. Нарыққа кіру үшін бағаны төмендетеді. оған қоса бонус төлейді. рекламный акциялар жариялайды. біздің кәсіпкерлер үлкен қаражат шығара алмайды.

Осыдан барып отандық таксидің ауылы әзірге алыстау екенін түсіну қиын емес. Ал Цифрлық даму министрлігінің өкілдері қазақстандық қосымша әзірлеу аса қымбатқа түспейтінін айтады. Оның үстіне отандық өнімді жасаған, Астана хабқа тіркелген кәсіпкер қосымша табыс салығынан босатылады дейді министрліктің департамент басшысы. 

Мирас Закеев, ҚР ЦДИАӨМ департамент басшысы:

- Қосымшаны әзірлеуге көп қаражат кетпейді. мобильді қосымша жасалғаннан кейін белгілі бір қаржылық мақсатта жсалған. әзірленгеннен кейін заңды тұлға ретінде тіркелу керек. Оны ашқаннан кейін заңды салықтары бар. ол компанияны ашып, зарплата төлеу және салық төлеуі тиіс.

Рас, қазақстандық жолаушы жуық арада отандық компанияның қызметіне жүгіне алмайтын сияқты. Тіпті толықтай қазақ тілді қосымшаға жетудің өзі мұң болып отыр. Алайда өткен аптада көлік қызметін ұсынатын халықаралық IT-платформалардың бірінде ана тіліміздің қосылғаны хабарланды. Бұл да болса көңілге медеу. 

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Диас Қовланбаев, Ақылбек Есімсейтов