Шымкентте тұрғындар тұншығып отыр

Шымкентте тұрғындар тұншығып отыр

Ақжар ықшам ауданы тұрғындарының таза ауамен еркін тыныстамағалы көп болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үйлеріне жақын жердегі қоқыс полигоны өртенген сайын «у» жұтып, есік-терезесін тұмшалап отырады. Осылай күн кешкендеріне 7 жыл болыпты. 

Сапар Төлегенов, қала тұрғыны:

– Ауылға барғанда түтін күндіз, түнде сыртқа шыға алмай қаласыздар ғой. Шыбын-шіркей деген көп. Бұрын ондай болмайтын. Шыбын деген көп, шіркей адамдардың бетіне қонып тұншықтырып жатыр.

Хансейіт Мұталиев, қала тұрғыны:

Жыл бойы өртеніп жатты. Мұны қатты көтеріп, ақпан айынан бері аудан әкімі Пірмановке айтылды, қала әкіміне Әйтеновке айтылды. Олар хабардар. Бірақ дәрменсіз. Бұған ештеңе істей алмай отыр ғой.

Бұл полигонға қаланың әр бөлігінен күн сайын тонналаған қоқыс әкеліп төгіледі. Бір бөлігі өңделеді, қалғаны тау болып үйіліп жатады. Мұндағы жұмысшылар қоқысты ешкім әдейі өртеп жатқан жоқ деп ат тонын ала қашты. Ал тұрғындар, ең бастысы тәртіп орнату керек деп отыр. Қоқыстың жырын айтып жауапты мекемелердің барлығын жағалаған. Ал бүгін Мәжіліс депутаты Ғани Ташқараев келіп, тұрғындардың базынасын тыңдады.

Ғани Ташқараев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қоқыс өңдейтін зауыттарды тезірек жүргізбесе, мына маңызды қалаларда осы қоқыс деген проблема өте маңызды болып жатыр. Соны кеше айтып кеттім. Қазір екі тұрғынды алып, осы біздің полигонға барып, кездесіп, мәселені шешуге тырысамыз. 

Бұхарбай Парманов, Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі:

Жақында ғана өртенді. Шамамыз келмегесін төтенше жағдайлардың техникасын шақырып әкелдік. Қазір кезекшілік қойып, басында қарап отырмыз енді. Кезекшісін қойдық, соның дабылын қарап отырмыз.

Депутат мәселені шешуге ықпал етуге уәде берді. Сонымен қатар өзге қалалардағы қоқыс өңдеу зауыттарының да жұмысымен танысып шығатынын айтты.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Катерина Попкова