Жасыл желекті кім күтіп баптайды – Маңғыстау облысы

Биылдан бастап Ақтауда тұрғын үйлердің ауласындағы жасыл желекті мүлік иелері бірлестігі суарып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ағаштарды күтіп-баптап, айналасын тазалайды. Бұл қызмет үшін көгалдандырушы мекеме ақша төлейді. Алайда тұрғындар қаржыны аз деп отыр. Сондықтан арадағы келісімшартты бұзып жатыр. 5-шағынаудандағы 39 үйдің алды алыстан көз тартады. Жасыл-желек жайқалып тұр. Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Ольга Романовскаяның айтуынша, биыл көгалдандыру мекемесімен келісім жасаған. Құжатқа сәйкес жертөледен су тартып, тал-теректі суарады. Әзірге осы жұмыстарымен өзі айналысып жүр. Себебі әр терекке бөлінетін қаражат мардымсыз болғандықтан жұмысшылар келмейді екен.

Ольга Романовская, қала тұрғыны:

– «Грин сити Ақтау» мекемесімен келісімге отырдық. Үйдің айналасында 170 ағаш бар, әрқайсысына 72 теңге төленеді. Бұл ақшаға суару мен күтім кіреді. Сонда жұмысшыға айына 9 мың теңге беріліп отыр. Ешкім жұмысқа келмейді. Сосын өзім жүруден басқа амал жоқ. Тарифті көтеру керек.

Қайырғали Қалмұқанов, «Басқарушы және сервистік компаниялар қауымдастығының» төрағасы:

– 72 теңгені жоқ дегенде 200 теңгеге көтерсе. 9 мың теңгеге кімді жұмысқа жасатуға болады. Мүлік иелері бірлестігі шартты бұзамыз, бізге тиімсіз дейді. Бұны ешкім келіспегесін, әрине, әр төрайым, төраға жүре алмайды. Екінші судың қаражатын қайтарымын жөндеп берсе. Осы 2 мәселені шешсек, мүлік иелері бірлестігі үйінің төңірегіндегі талдарды жаппай суарып бастайды.

Екінші мәселе, талдарды суару үшін көгалдандырушы мекеме техникалық суға қаражат төлейді. Алайда мүлік иелері бірлестіктері ауыз суды пайдаланып жүргенін айтады. Сондықтан айырмашылықты төлесе екен – дейді. Ал әкімдік бұл мәселені шешу үшін арнайы жиын болатынын хабарлады.

Ернар Төлесінов, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

– Қазіргі таңда тариф жөнінде нақты шешу үшін МАЭК Қазатомпром мамандары мен Каспий жылу су арнасы мамандарымен жиналыс ұйымдастыру жоспарда бар. Жиналыста басты сұрақ көгалды суару үшін заңды тұлға не жеке тұлға ретінде келісімшартқа отыру мәселесі қаралады.

Биыл алғаш рет мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында әкімдік көгалдандырушы мекемемен 5 жылға келісімшартқа отырды. Жеңімпаз маусым айында анықталады. Компания осы уақыт аралығында шағын аудан ішін суару үшін бірнеше мүлік иелері бірлестігімен келісім жасаған. Олармен бағаны талқылауға әзір екенін жеткізді.

Айбек Ербөлеков, «GreenCityAktau» ЖШС директоры:

– Бірнеше ПИК бар, 7 шағынаудан, 2 шағынаудан, МҮБ-і бар. Олардың санын көбейту мақсатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бір ағашты күтіп ұстау жұмыстарына 72 теңге жасақталған. Алайда біз ол сумманы тарифті көтеруге дайынбыз. Қазіргі таңда ОСИ, КСК бірігіп, жаңа тариф бекітуге, суммасын көбейтуге жиын жасап, өзіміз отырып, пысықтап сол мәселені көтерейін деп жатырмыз. Екі жаққа да тиімді болатындай.

Көгалдандыру мекемесі де әкімдік те тұрғындардың талабын орындауға әзір. Алайда үш жаққа да тиімді болу керек, дейді тараптар. Мәселе толық шешілгенше, тұрғындар өздері шығынды өтей тұруға тура келеді.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Дүйсалиев