Оралда жол құрылысында олқылық аз емес

Аймаққа іс-сапармен барған мәжіліс депутаты Снежанна Имашева осылай дейді. Әсіресе, шаһардағы басты көшелердің бірі Әбілқайыр хан даңғылы ұзақ жылдан бері жөнделмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл соның 3 шақырымнан астамы  жаңғыртылып жатыр. Бұдан бөлек 5 көше толығымен қайта төселіп, 3 көше күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Депутат құрылыс учаскелерінде жергілікті атқарушы орган мен мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жұмыс сапасына қатысты бірқатар сын айтты.

Абылай Нұрмахов, қалалық ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- Аталған нысан бойынша бүгінгі таңда фрезиралық бағытта қаралған жұмыстар толықтай аяқталды. Сонымен қатар жол жиектастары толықтай орнатылды және бір қабат шма материалы, асфальт жабыны 5 см Карбышев көшесі мен Тюленин көшелері аралығында толықтай төселді.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жол жоқ жерлер әлі бізде бар. Күрделі жөндеуден өткен жолдар да қайтадан бүлініп жатыр. Жуырда бір үлкен мәселе көтерілді осы жолдардың сапасына қарай. Соның ішінде егер жолды сапасыз салса, онда салған кісілерге қылмыстық жаза орнату. Шешімі екіжақты деп айтамыз ғой, бірақ мен қолдаймын. Шынымен де жауапты болу керек.