Отанынан жырақта жүрген ару қазақ халқына тәнті

Надияның айтуынша, ол табаны қазақ жеріне тиіп, ауасымен тыныстаған сәттен бастап өзін өте жайлы сезінген. Қазақ елінің кеңпейілді екенін байқап, қуанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматыға екі жыл бұрын көшіп келді. Орналасып, қоғамдық ортаға бой үйреткен соң алған әсерлерімен  әлеуметтік желіде көпшілікпен бөлісе бастайды. Өзінің жазбаларында қазақ тілін үйренетіндігін үнемі айтумен келеді.

Надия Захарова,  фотограф, блогер:

- Түсірген бейнелерімді Тик-ток желісіне жүктедім. Оны көргендер маған қолдау білдіріп жатты. Адамдардың шынайы қамқорлығының арқасында қазақ тілін меңгеруге құлшынысым арта түсті.

Надия фотосурет түсіруді ұнатады. 15 жасында алғаш рет фотоаппаратты қолына алған. Содан бері  үнемі әдемі көріністерді іздейді. Әсіресе, отбасылық өмірдің жарқын сәттерін фотоға басуға құмар. «Қазақстанда перзенттің дүниеге келуіне ата-аналары мен жақындары қатты қуанады. Арты тойға ұласады»,-дейді украин қызы.    

Надия Захарова,  фотограф, блогер:

- Перезентханада фотограф болып жұмыс істеймін. Сіздерде баланың жарық дүниеге келуі нағыз мереке. Бізде олай емес. Ешкім думандатпайды. Тіпті,  елеусіз өтеді. Содан кейін сіздерде үлкен кісілерге деген сыйластық пен құрмет бар.

Қазақстанға келін болып келген украиндық Надия аз уақытта қоғамға бейімделді. Қолдаушылар мен жаңа достар тапты. Жұмыстан қолы босаған кезде  Алматының әсем жерлерін аралап, табиғат пен адамдарды суретке түсіреді.

Авторлары: А. Садуақас, Э.Кон