Қазақ тілін меңгеруге үш ай жеткілікті – өзге ұлт өкілі

Юлия Лагуткина – болашақ дипломат. Ол қазақ тілін мектепте оқып жүрген кезінен-ақ өте жақсы біледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түрлі олимпиадаларға қатысып, Абай, Мағжан оқуларының бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Қазақ ақын-жазушыларының қанатты сөздері мен ұлттық салт-дәстүрімізді де тамаша меңгерген.

Юлия Лагуткина, Украин этномәдени бірлестігінің мүшесі:

– Ассамблея ол барлық Қазақстанда тұратын этностарды біріктіретін ірі институт. Сонда бізді біріктіретін тағы бір фактор қазақ тілі болуы керек. Қазақша ән айту деген конкурстар, байқаулар өтеді бізде. Енді Қазақстанның тұрғыны ретінде, азаматы ретінде мен мысалы, достарыма, туған-туыстарыма, бәріне айтамын, Қазақстанның болашағы шынымен де қазақ тілінде!

Юлияның пікірінше, қазақ тілін меңгеру үшін үш ай жеткілікті. Ең бастысы адамның бойында тіл үйренуге деген ниет болуы керек.

Юлия Лагуткина, Украин этномәдени бірлестігінің мүшесі:

– Ең бастысы адамның өзінің ниеті болуы керек. Сосын оның осындай қазақ тілін меңгеремін деген мақсат болатын болса, салмақты мақсат, онда үйренеді. Бірақ 1 айдан кейін емес, 2-3 айдан кейін нәтиже көрінеді.

Ал Милана Тарасова өзге ұлт өкілі болса да, «менің жаным қазақ», – деп отырады. Өйткені өзі бала күнінен қазақ ауылында өскен. Айналасындағылармен тек мемлекеттік тілде сөйлеседі. Жас болса да, тіл үйренуге арналған кабинет ашып, табысты еңбек етіп жүр.

Милана Тарасова, студент:

Енді біз Қазақстанда тұрып жатқандықтан, біз қазақ тілін білу керекпіз. Қазақ тіліне деген бізде құрмет болу керек. Қазақ ұлтына, яғни, олардың салт-дәстүрлеріне, қазақ ұлты бізге құрметпен қарайды. Біз де сондай құрметпен қарау керекпіз. Біз жалпы отбасымызбен қазақ салт-дәстүрлерін ұстанамыз. Мысалы, біз үйде соғым соямыз, қонақтар шақырамыз. Құрбан айт дейміз...

«Бұл қазақ тілін меңгерудің бір ғана жарқын мысалы. Ауылды аймақтарымызда мемлекеттік тілде сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрімізді ұстанатын жастар легі артып келеді», – дейді облыстық Қазақстан халқы ассамблеясындағылар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аслан Әбутәліпов, Виктор Поляный