Қазақстанда екі Күн электр станциясы салынады

Еліміз алдағы онжылдыққа қарай жалпы өндірілетін электр энергиясының 15 процентін баламалы қуат көздерінен алуды мақсат етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде республикада жаңартылатын энергия көзінің 139 нысаны жұмыс істеп тұр. Онда электр қуатының 3,7%-ы өндіріледі. Энергия жүйесін одан әрі дамыту бағытында тағы бір ауқымды жоба іске қосылады. Бүгін осы жөнінде бірегей келісімге қол қойылды. Жаңартылатын қуат көздерін дамыту әрі энергожүйедегі тиімді теңгерімді орнату. Бұл мақсатта «Полиметалл» компаниясы «Qazaq Green» қауымдастығымен бірлесіп, елімізде жалпы қуаттылығы 39,5 мегаваттық 2 күн электр станциясының құрылысын бастайды. Одан өзге 40 мегаваттық газ поршеньді электр станциясы салынады. Инвестицияның жалпы көлемі – 90 млн доллардан асады. Ауқымды жобалар Абай және Қостанай облыстарында алдағы 5 жылда іске асып, жылына 80 мегаватт таза электр қуатын алуға мүмкіндік береді.

Қанат Досмұқаметов, «Полиметалл Еуразия» ЖШС бас директоры:

– Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін, жасыл энергетиканы дамыту және кәсіпорындардың экологияны қорғау мақсатын алға қойып отыр. Оның ішіне тау-кен металлургиялық кешені де кіреді. «Полиметалл» компаниялары тобы осы мақсатты іске асыруға өз үлесін қосып жатыр. Бүгінгі қол қойылған меморандум аясында жасыл энергетика бойынша кешенді жоба жүзеге асырылады.

Бұл төртжақты меморандум еліміздің Энергетика министрлігі, «Полиметалл Еуразия» ЖШС, «KEGOC» АҚ және «QAZAQ GREEN» жаңартылатын энергия көздерін дамыту қауымдастығы арасында орнатылды. Құжатта әр тараптың өз міндеттемелерін орындау тәртібі бекітілген. Басты меже – ауаға тарайтын зиянды шығындарды 2030 жылға дейін 30 процентке төмендету. 2025 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінен алынатын қуат үлесін 7 процентке жеткізу. Яғни болашақтың экологиялық қауіпсіздігі үшін маңызды.

Қанат Досмұқаметов, «Полиметалл Еуразия» ЖШС бас директоры:

– Нәтижесінде біздің кәсіпорындардағы көмірқышқыл газының шығарындылары айтарлықтай төмендейді. Жылына 80 мың тоннадан 30 мыңға дейін азайтуға көмектеседі.

«Полиметалл» компаниясы әлемнің озық 10 алтын өндіруші алпауыттарының тізімінде. Акциялары «Астана» қаржы орталығының биржасы, Лондон, Мәскеу қор нарықтарында саудаланады. 10-нан аса алтын және күміс кен орындары бар. Өндірістегі көміртек ізін төмендету стратегиясын берік ұстанады.

Авторлары: Рухани Асқар, Ерлан Наурызбаев