Түркістан облысында аптап ыстық басталды

Түркістан облысында аптап ыстық басталды

Түркістан өңірінде аптап ыстық. Синоптиктердің болжауынша, таяу күндері ауа температурасы +40 градустан асуы мүмкін. Мамандар тұрғындарға аса қажеттілік болмаса, үйден шықпауға кеңес береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркістанда аптап ыстық басталғалы бері күндіз көшелерде адам аз. Қазір термометр +40 градусты көрсетіп тұр. Синоптиктер алдағы күндері бұдан да ысуы мүмкін деген болжам айтады.

Әсия Қыдырбаева, синоптик:

Түркістан қаласында ертең 39-41. Одан кейін ауа температурасы біртіндеп көтеріліп, 21-22 шілдеде 45 градус өте қатты ыстық болады. Мұндай 45-46 градус ыстық шілде айына тән құбылыс.

Дәрігерлер ыстық мезгілде созылмалы сырқаты бар тұрғындарды сақтыққа шақырады. Шұғыл болмаса, шаруаны таңғы салқынмен, иә болмаса, кешкі уақытта атқаруға кеңес береді.

Айназ Ахметова, дәрігер:

Ыстық болған сайын қан құрамы қоюлана бастайды. Сол кезде тромбтар түзіледі. Бұл жерде инфаркт болуы мүмкін. Жүрек-қан тамыры ауыратын науқастардың арасында аса қауіпті болып саналады.

Ақ халаттылардың айтуынша, күндіз салқындатқыш жүйені қолданудың да кері әсері бар. Ең тиімдісі, тұрмыстық техника көрші бөлмеде қосылуы тұрғаны абзал. Бастысы кейін сөндіруді ұмытпау керек. Қызған құрал қысқа тұйықталып, соңы өртке ұласуы мүмкін.

Нұрболат Педенов, Түркістан облыстық ТЖД басқарма басшысының орынбасары:

– Далалық жерлерде қураған шөптердің жануы көбейеді. Бізде қазір кем дегенде тәулігіне 10 шақты рет шығулар орын алып жатады. Одан бөлек үлкен алқапты жерлер жанып жатады. Олар егін алқаптарына өтіп кетуі мүмкін.

Күн ыстықта ауруханаларға түскен науқастардың саны күрт артқан. Басынан күн өтпеуі үшін тұрғындар көлеңкелі жермен жүріп, суды көп ішкен дұрыс дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Қуаныш Абуов