Шымкентте жедел жәрдем тәулігіне 2 мыңнан астам шақыртуға барады

Шымкентте аптап ыстық салдарынан жедел жәрдемге жүгінушілер көбейді. Дәрігерлер тәулігіне 2 мыңнан астам шақыртуға  барады.

Соңғы күндері  қалада ауа температурасы 40 градустан асады. Қан қысымы көтеріліп, күн өткендер саны көп. Шілденің шіліңгірінде жұрт бассейндер мен субұрқақтарда жан сауғаласа, кейбірі салқын балмұздақтың кезегінде тұр. Алайда дәрігерлер мұның да қауіпті екенін ескертеді. Себебі жедел респираторлық аурулар мен ішек инфекциясының да таралу қарқыны өскен. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті мұндай ауа райы ертең де сақталатынын айтады. Сондықтан бас киімсіз көшеге шықпауға кеңес береді.

Жанат Әбілдаева, Шымкент қ. жедел жәрдем бекетінің дәрігері:

- Аяқ астынан күн ысып кеткендіктен адам ағзасы бейімделіп үлгірмейді. Бірінші кезекте гипертониялық дерті бар жандарға әсер етеді. Жүрек-қан тамыры және эндокринді аурулары бар адамдар үшін де оңай емес. Өкінішке орай, олардың саны бізде аз емес.