Түркістанда Ана мен бала орталығы ашылады

Түркістан қаласында Ана мен бала орталығы ашылады. 120 орынға лайықталған аурухана келесі жылдың соңында пайдалануға беріледі.

Бұл туралы өңірге жасаған сапары барысында Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді.

Ажар Ғинияттың айтуынша, ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қол жетімділігі артып, ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Тамыз айынан бастап, шалғайдағы ауыл, аудан тұрғындары толық профилактикалық тексеруден өтеді. Ол үшін әрбір ауылға арнайы жылжымалы медициналық көлік жөнелтіледі. Бұдан бөлек еліміздің бас дәрігері халық саны 500-ден асатын барлық елді мекендерге фельдшерлік-акушерлік пункттер салынатынын жеткізді.

Майра Асанова, қала тұрғыны:

- Біздің балаларымыз жылда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына жолдамамен барып, ем алады. Жолдың ұзақтығы мен қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты көптеген балаларымыз ол жаққа барып келе алмайды. Сондықтан облыс орталығынан балалар орталығы ашылса деген ұсыныс бар.

Марат Пашимов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Сарыағаш және Ордабасы ауданында екі үлкен перинаталды орталық салынады. Қосымша Арыс қаласында жаңа емхана салынатын болады. Осы қыркүйек айында құрылысы басталады. Жаңа денсаулық сақтау министрі айтқандай, Түркістан қаласында Ана мен бала орталығы салынады. Келесі жылдың соңында пайдалануға беріледі.