Таяуда аудан әкімдерін халық өзі сайлайды

Жақын арада аудан әкімдерін де халық өзі сайлайды. Мұны Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Онымен қоса, конституциялық реформаға сәйкес облыс әкімдері өңірлік мәслихат депутаттарының дауыс беру қорытындысы бойынша тағайындалады. Осылайша елдің саяси жүйесі біртіндеп трансформацияланып келеді», – деді Мемлекеттік кеңесші. Бір жыл бұрын елде ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылған еді. Былтырғы шілдеден бері 1093 елді мекеннің әкімі сайланды. Оның 215-і өз-өзін ұсынса, 116-сы қайта сайланған бұрынғы әйел әкімдер. Бір жыл ішінде ауыл әкімдерінің корпусы 55,6 процентке жаңарған. Бұл 608 ауылға жаңа басшы келді деген сөз. Оның басым бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте болып көрмеген. Яғни дәрігерлер, мұғалімдер, бизнесмендер, жергілікті кәсіпорын мен шаруа қожалық басшылары халық сенімін алып, әкім болып сайланған. Жаңа әкімдер Маңғыстау облысында көп. 77,8 процент. Одан кейін 77,2 процентпен Қарағанды облысы тұр. Үштікті 71 процентпен Жамбыл өңірі түйіндейді. Осы жексенбіде, яғни 31 шілдеде 27 округте ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Жыл соңына дейін 214 елді мекеннің басшысы тікелей сайлау арқылы қызметіне кіріспек. Ал 2023 және 2024 жылдары 1037 ауылдық округте сайлау өтеді.