Көкшетауда нөсерден зардап шеккендерге өтемақы төленеді

Көкшетауда нөсерден зардап шеккендерге өтемақы төленеді

Көкшетауда өткен демалыс күнгі нөсерден зардап шеккендерге 159 мың теңгеден өтемақы төленеді. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін тұрғындардан 500-ге жуық қоңырау келіп түскен. Мамандар олардың әзірге тек 100 шақтысын аралап, 50-іне арнайы құжат рәсімдепті. Енді олар бір реттік көмекті ала алады. Ал қалғандары бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Дегенмен шығын көлемі 159 мың теңгеден асатын үй иелеріне қосымша көмек бола ма, жоқ па, ол жайлы әкімдіктегілер ештеңе айта алмады. Айта кетейін, шаһарда 29-ынан 30 шілдеге қараған түні 6 сағат бойы жауған нөсердің салдарымен кейбір көкшетаулықтар әлі күресіп жатыр.

Бауыржан Ерназаров, қала әкімінің орынбасары:

– Бізде қазір зардап шеккен нысандарды зерттеу бойынша 4 топ жұмыс істеп жатыр. Олар үйді немесе ғимаратты жан-жақты тексеріп, көмек шынымен қажет дегендеріне акт толтырады. Сөйтіп меншік иесі сол құжаттың негізінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөліміне барып, бір реттік ақшалай көмекті ала алады.