Алматыда бірнеше тұрғын үй жертөлесін су басқан

Алматыдағы мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жандосов» тұрғын үй кешені жертөлесінің гидроизоляциясы дұрыс жасалмаған. Салдарынан, асты суға толып кетеді. Бір қызығы күрделі құрылыс басқармасы мердігер мекемені сотқа берген. Бірақ жеңіліп қалды. Бұл тұрғын үйлер әбден ескіріп, апатты жағдайға жеткен үйлердің орнына салынған. Бірақ оның сол ескі үйлерден айырмашылығы аз, дейді ондағы жұртшылық. Себебі үй құрылысының сапасына қатысты мәселе жетіп артылады. Қазір «Жандосов» кешеніне көпқабатты 5 тұрғын үй кіреді. Солардың барлығының жертөлесі жаңбыр мен қар жауса, суға толып кетеді.

Марат Есен, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

– Жоба бойынша гидроизоляция 4 қабаттан тұруы керек. Ал мұнда бетондағы тесікті көпіршікпен жаба салып, бетіне бірден асфальт төсей салған. Технология мүлдем сақталмаған. Оны қалай қабылдаған. Ол жағы бізге түсініксіз. 

Михайл Попов, басқарушы компанияның бас инженері:

– Мен гидроизоляция жасаумен айналысатын мамандарға көрсеттім. Олар гидроизоляцияны түгелдей қайта жасау керек. Оны жамап-жасқауға келмейді деп отыр. Міне, осы үйлер пайдалануға берілгелі жертөле судан босап көрген жоқ.

Тұрғындар бас кезінде құрылыста кеткен кемшілікті осы нысанға тапсырыс беруші күрделі құрылыс кәсіпорны жасайды деп ойлаған. Шындап келгенде ол мекеме құрылыстың сапасыз жасалғанын әу бастан білген. Екі тарап келіспей, сотқа жүгінген. Сөйтіп жүргенде кепілдік мерзімі өткен. Ал сот болса, істі мердігердің пайдасына шешіп берген.

Бауыржан Төлеғұлов, күрделі құрылыс кәсіпорнының бас инженері:

Ол паркингтің өзін бөлек мердігер компания соқты. «АГС Пласт» ЖШС соққан. Ол 2015 пен 2018 аралығында. Сотқа бергенде бірінші жобалаушыны бердік. «Алмтыгипрогир» ЖШС өйткені олар шешімді қабылдағн кезде солардың жобасы бойынш салынуы керек болған. Сотқа біз өз шағымымызды көрсеттік. Жұмыстардың барлығы порог деп айтамыз. Материалдрдың қалыңдығы болады ол сақталмаған.

Соттан жеңілген соң күрделі құрылыс басқармасы бұл жұмысты басқа мердігерге тапсырған. Былтыр күзде олар су ағатын жерлерді жамап-жасқағандай болған. Бірақ әзірге одан қайран болмай тұр.

Бауыржан Төлеғұлов, күрделі құрылыс кәсіпорнының бас инженері:

– Аққан себебі точечный жасадық. Судың да былай айтқанда, кетем деген су жолын табады ғой. Бір жерді жапсақ, екінші жақтан шығады. Енді сол точечный суды тоқтатату мәелелерін жүргіземіз. Енді 100 процент кепілдік береміз деп айта алмаймыз.

Тұрғындардың талабы біреу ғана. Жаңбырлы маусымға жеткізбей жертөленің гидроизоляциясын қайта жасап беруді сұрайды. Қазір оның ішінің қабырғасы дымқыл тартып, темір құбырлар шіріп жатыр. Электр желісі де бүліне бастаған. Тұрғындар енді су іргетасына зақым келтіре ма деп қауіптенеді. Ал күрделі құрылыс басқармасы 2-3 күнде жұмысты қайта бастауға уәде берді. Онымен былтыр жөндеу жұмыстарын жүргізген мекеме айналысады. Ал басқарушы компания болса, құрылысқа тапсырыс беруші мекемені сотқа беруге дайындалып жатыр.

Авторлары:  Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон