Ақтөбеге жақын шағын ауыл тұрғындары сусыз отыр

Ақтөбенің шетінде орналасқан шағын ауыл тұрғындарының ауыз сусыз отырғанына ширек ғасырдан асып барады. Тіршілік нәрін тартып беруді талай рет сұраса да, жауаптылар тарапынан нақты іс болмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Амалы таусылған жұрт суды қаладан тасып ішуге мәжбүр. Ауылдықтардың мәселесі қашан шешілмек? Гүлсім Шоқпарова суды үнемдеп жұмсауды әдетке айналдырған. Басқа амал жоқ. Себебі іргедегі ұн өңдеу кешенінен су әкелетін көлік күнде келе бермейді. Сондықтан 200 литрлік екі бөшкеге құйылған су бір аптаға жетуі керек. Ал қаладан балалар мен немерелер келетін болса, онда қосымша тасуға тура келеді.    

Гүлсім Шоқпарова, ауыл тұрғыны:

Екі аптада бір рет келеді. трактор бұзылып қалды дейді, кейде үш аптада келеді. Сосын жетпейді енді. 3-4 бөшке ұстап отқандары бар.

Бұл ауыл өткен ғасырда Жаңа-Әлжан ұн комбинатының жұмысшылары үшін салынған. Тіпті мектеп секілді әлеуметтік нысан да бой көтерген. Алайда тоқырау кезеңінде бәрі тоқтап, елді мекенге инженерлік желі тартылмай қалған. Сол кездері үдере көшкен жұрттан қазір не бары 11 отбасы тұрып жатыр. Ауылда электр жарығы, көгілдір отын болғанымен, су желісі жоқ. Ал құдықтың суы жарамсыз. Сондықтан кейбірі қаладан тасып ішеді.    

Айгүл Бәйменова, қала әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Биыл «Думан» елді мекеніне су тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Одан кейін экологиялық экспертизаға кіргізіледі, одан кейін мемлекеттік сараптамаға кіргізіледі. Оң нәтижесін алған жағдайда 2023 жылы бюджеттен құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаражат сұрайтын боламыз. Яғни ол жерге су келесі жылы тарту жұмыстары ғана қозғалатын болады деген сөз. Ал «Ново-Алджанның» бір шақырымнан астам жеріне осы күзге дейін қиыршық тас төселеді.

Соңғы жылдары қала аумағында 53 тұрғын үй алабы пайда болған. Ондағы күрделі мәселелерді әкімдік кезең-кезеңмен шекпек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов