«Ауыл – ел бесігі»: Павлодар облысында әлеуметтік мәселелер шешілуде

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Павлодар облысы Успенка ауданындағы әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудан орталығында 290 миллион теңгеге 9 көше жаңартылды. Жол жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ауылда бұрын болмаған жаяу жүргіншілер жолағы салынды. Әсіресе мектептердің маңайына тротуарлар төселді. Оны «Мектепке қауіпсіз жол» деп атапты. Сонымен қатар білім ошақтарының жанына бағдаршамдар орнатылды. Бұл бір жағынан балаларды жол жүру ережелеріне үйретеді. Үш жылға жоспарланған «Ауыл –ел бесігі» бағдарламасы бойынша атқарылған іс көп. Успенка ауылындағы жолдардың жалпы ұзындығы 60 шақырымнан асады екен. Оның 38 шақырымына сапалы асфальт төселген.   

Виталий Топтун, зейнеткер:

– Біз зейнеткерлер ауыл өміріндегі жақсы жаңалықтарға қуанып отырамыз. Жолы жақсы елдің болашағы бар дер едім. Балабақшалар, ескі мәдениет үйлері, медициналық мекемелер жөндеуден өтіп жатыр. Қазір, міне, аудан орталығында тұрмыз. Осыдан бір апта бұрын ғана жаңа асфальт төселді. Ал №2 мектептің  жанында тротуар пайда болды. Бұл баланың да үлкеннің де қауіпсіз өмірі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Велосипедпен жүруге де қолайлы

Сергей Саламацкий, Успенка ауылдық округінің әкімі:

– Биыл біз тағы үш бағдаршам қойдық. Ауыл балалары қала өміріне бейімделсе екен дейміз. Бағдаршамды іске қосып, жасыл түс жанғанда жолды кесіп өтеді. Біз оны «Мектепке қауіпсіз жол» деп атадық. Жергілікті қауымдастықтың шешімімен Чехов көшесін жөндеуден өткіздік. Мектептің жанындағы көшеде ешқашан асфальт болмаған. Көктем, күз айларында балалар саз кешіп жүретін. Жол жөнделіп болды. Енді жол белгілерін қойып, екі жиегін жасайды.