Елде көмір тапшы бола ма?

Елде көмір тапшы бола ма?

Биыл тағы да көмірден таршылық көрмес үшін тұрғындар қысқа ертерек қамданғаны жөн. Әйтпесе, өндіріс орындары нарықтағы сұранысқа үлгермей қалуы мүмкін. Сала мамандары осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қара отынды өңірлерге күн суытпай тұрып жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері ішкі нарыққа 4,5 млн тонна көмір жөнелтілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 процентке көп. Одан бөлек, енді қара отын алыс-жақын аймақтарға тек теміржол арқылы тасымалданады. Көмірдің бір тоннасы өндіріс орнынан шамамен 6-7 мың теңгеден шығады. Осылайша, нарықтағы баға өткен жылмен шамалас болмақ. Елімізде жыл сайын 110 млн тонна көмір өндіріледі, соның 30 процентке жуығы экспортталады.

Ілияс Оспанов, ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы:

– Өткен жылы ішкі нарықта сатылуға тиіс көмірлердің бір бөлігі шекара асып кеткені анықталды. Мәселен, Айша бибі, Сыпатай батыр кедендік бақылау бекеттерінде 120 мың тонна шикізат Қырғызстанға өтіп кеткен. Бұған жол бермеу керек. Қазір елден тек өндіріс орындарына арналған көмір ғана экспорталады. Одан бөлек, тұрғындарға күн суытпай тұрып, көмір қорын жинап алу керек екенін ескерткім келеді.