Жетісайдағы өрттің шығын көлемі анықталып жатыр

Жетісайдағы өрттің шығын көлемі анықталып жатыр

Жетісай қаласында базарда болған өрттен зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімі жасалып, шығын көлемі анықталып жатыр.

Барлық мүлкі өртенген тұрғындар қанша зардап келгені жөнінде есептеп, арнайы құрылған комиссия мүшелеріне өткізіп жатыр. Бұдан бөлек жауаптылар арнайы қор құрылып, барлық шығынды қалпына келтіріп беретінін жеткізді. Алайда кәсіпкерлердің бойында үрей бар. Себебі қолда бар мүлкінен бір күнде айырылғандардың көбі ай сайын несие төлейді. Күнделікті бала-шағасын осы базар арқылы асырап отырғандар да бар. Ал базар басшылығы сауда орындарын 15-20 күнде қалпына келтіріп, кімнің қанша орны бар, сол жерді кәсіпкерлерге бір жылға тегін беретінін жеткізді. Яғни, зардап шеккендер 1 жылға дейін салықтан босатылады. Айта кетейік, өткен түнде Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» базары отқа оранған болатын. Тілсіз жау 900 шаршы метр жерді күлге айналдырды. Салдарынан бірнеше сауда орны жарамсыз болып қалды. Адам шығыны жоқ.

Бақытжан Запаров, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Екі адам жарақат алды. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. Өрттің шығу себебі, көлемі, келтірілген материалдық шығын арнайы комиссиямен қаралады. Тергеу амалдары жүргізілуде.