Қызылордада екі адам облыстың құрметті азаматы атанды

Биыл Конституцияның қабылданғанына 27 жыл! Осынау атаулы дата әрбір қазақстандық үшін ерекше маңызға ие. Сыр елінде де Ата заң мерекесі айрықша әспеттелді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуы үшін мәні зор саяси реформалар жариялап, республикалық референдум арқылы Конституцияның 33 бабына 56 өзгерту енгізілгені белгілі. Жаңа мән, пәрменге ие болған Ата заң - өркениетке көш түзеген қазақ жұртын оң бағыттан адастырмас темірқазық болмақ.

Ата заңды ардақтау – болашаққа батыл қадам басқан әрбір азаматтың асыл парызы. Салтанатты шарадағы сөзін осылай бастаған облыс әкімі барша Сыр жұртын атаулы мерекемен құттықтап, конституцияның мән-маңызына тоқталды. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі: 

- Конституция қағаз жүзіндегі құжат емес, ол елдің, халықтың, әрбір азаматтың өмір сүру ережесі, мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, халықаралық кеңістікте ұдайы өркендеуін қамтамасыз ететін негіз. Заң мүлтіксіз жүзеге асуымен құнды. Заң жақсы жұмыс істеуі үшін оны бұлжытпай орындау азаматтардың күнделікті дағдысына, үйреншікті әдетіне айналуы тиіс.

Мерекелік жиында белгілі суретші-архитектор, Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков пен әр отандасымыз шетелде емес Қазақстанда сапалы ем алуы керек ұстанымын жүзеге асыру жолында тер төгіп жүрген білікті хирург Болатбек Баймаханов «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атанды. 

Жандарбек Мәлібеков, ҚР Мемлекеттік Елтаңба авторы:

- Кіндік қан тамған жердің халқы құрметтеп жатса одан артық бақыт жоқ. Қазір Қызылорда облысында болып жатқан оң өзгерістерді байқаймын. Әлде де өсіп-өніп, көркейіп келе жатқанын көремін.

Болатбек Баймаханов, А.Н.Сызғанов атындағы "Ұлттық ғылыми хирургия орталығының" АҚ басқарма төрағасы:

- Әр адамның өзінің міндеті деп санаймын өз орнында аянбай таза, адал мемлекеттің дамуына жұмыс жасау. Сондықтан елге, халыққа оның ішінде денсаулық сақтау саласында өз азаматтарымыздың денсаулығын нығайтуға, сақтап қалуға әлде де аянбай жұмыс жасаймыз.  

Мерекелік шарада аймақ дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Шарада аймақтың өнер майталмандары көпшілікке дәстүрлі және патриоттық әндерден шашу шашты. 

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин