Долонда құбыр бар да су жоқ – Абай облысы

«Ауылға ауыз су келді» деп қуанған Любовь Шнайдер алғашқылардың бірі болып, үйіне құбыр тартқызыпты. Бұл қызметке 90 мың теңге төлеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда тағатсыздана күткен тіршілік көзіне әлі қолы жетпеді.  Екінші топ мүгедегі амалсыз құдықтан су тасып отыр. 

Любовь Шнайдер, ауыл тұрғыны:

Сәуір айында үндемедік. Мамырда мазасыздана бастадық. Ауыл, аудан әкімдерімен бірнеше рет кездестік. Уәде берген, бірақ су жоқ. Күте-күте шаршадық.

Шарасыз тұрғындар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне шағымданған. Алайда тексеру келгенде аяқ астынан су пайда болыпты.  Кеткен бойда, құбырдан тамшы тамбай қалған.  

Гүлия Қаражігітова, ауыл тұрғыны:

Келесі тексерушілер бізге «су бердік қой, енді риза шығарсыздар?» дейді. Қалай риза боласың? Мемлекет тарапынан қаражат аз бөлініп жатқан жоқ. Өкініштісі, құмға құйған судай далаға кетіп жатыр. Біздің ауылға су 2021 жылы келуі керек еді. Міне, 2022 жылдың ортасынан ауды. Су әлі жоқ.  

Николай Орлов, ауыл тұрғыны:

Біздің әкім су құбыры орнатылғанда асфальт төсейміз, бұрынғы қалпына келтіреміз деген еді. Көріп тұрсыздар, баяғы жартас – сол жартас. Әсіресе көктемде қиын. Балалар мектепке бара алмайды. Көшелердегі жыралар өз алдына бөлек әңгіме.

Жергілікті шенеуніктер Долондағы ауыз судың жырын жақсы біледі. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандары нысанның толық дайын екенін, қазір мәселе тек электр қуатына тіреліп тұрғанын айтты.   

Сұңғат Назаров, Бесқарағай аудандық ТҮКШ бөлімінің бастығы:

Найзағай түскеннен изоляторлар жанып кеткен. Судың болмау себебі содан. Мердігерлер 10 күн ішінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі керек. Кеше ғана сөйлестім. Осы аптаның аяғына дейін изоляторларын әкеп орнатады.

Төрт жүзге жуық тұрғыны бар Долон ауылына су тарту жұмысы екі жыл бұрын басталған. Бұған бюджеттен 480 миллион теңге бөлінген. 

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы