Түркістан облысының халқы өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелтті

Түркістан облысының халқы өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелтті

Түркістан облысының халқы да алапат өрттен жапа шеккендерге 65 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Оның 50 тоннадан астамын Арыс пен Мақтаарал ауданының тұрғындары жинап берді. Осыдан бірнеше жыл бұрын олар да осылай қиын жағдайда қалған еді. Халыққа қажетті заттар тиелген  5 жүк көлігі жолға шықты.

Қостанайдағы ағайынның басына түскен қиындықты Арыс қаласының жұртшылығы да ауыр күйзеліспен қабылдады. Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында олар  ақшалай, азық-түлік, киім-кешек және ең қажетті деген 30 тоннадан астам  зат жинады. Сауапты іске қарапайым азаматтар бастап, кәсіпкерлер қоштап, қала тұрғындары түгел атсалысты.

Қажымұқан Қазыбаев, Арыс қаласының бас имамы:

- Арыс қаласы ел болып, жұрт болып, кәсіпкерлерімізбен, түрлі саладағы бауырлармен, ағалармен бірлесе отырып, осындай ізгі іс-шараны ұйымдастырып жатырмыз. Қостанай облысындағы бауырларымызға, әпкелерімізге қорқыныштың арты қуаныш болсын деп тілейміз. Бауырларымыз өздернің кәсіптерінен  ақшалай, заттай, киімдей болсын әлеіп беріп жатыр. Осыны Алла қаласа Қостанайға аманат етіп тапсырмыз.

Ал мақтааралдықтар өрттен зардап шеккен теріскейдегі ағайынға қол ұшын беру үшін бір түннің ішінде 23 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Қайырымдылық шарасына жергілікті кәсіпкерлер, аудан тұрғындары және ерікті жастар белсене қатысты. Әсіресе қостанайлықтарға ең қажетті азық-түлік өнімдері, гигиеналық заттар мен төсек-орын жабдықтары жиналды. Бұдан бөлек өңірдегі өзге аудандар да көмек қолын созып жатыр.

Бақыт Ақымбетов, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері 1 күндік жалақысы, яғни 70 млн теңгеден астам қаржысын көмек ретінде жинақтады. Одан бөлек кеше 1 ауыр жүк көлігі гуманитарлық көмек Қостанайға жөнелтілді. Бүгін тағы да 5 ауыр жүк көлігі жинақталды. Оның ішінде салмағы 65 тоннадан астын матрас, төсек-көрпелер, азық-түлік және гигиеналық заттар. Бұл өз жалғасын табады.

Бүгін гуманитарлық көмектен бөлек, Түркістан облысы жастары атынан волонтерлық арнайы топ жасақталды. Олар да табиғи апаттан зардап шеккен Қостанай жұртына көмектесу үшін жолға шықты.

Жансерік Жұман, облыстық "Жастар рухы" жастар қанатының төрағасы:

- Оның біршамасы Арыстағы, Мақтааралдағы төтенше жағдай кезінде ел-жұртпен бірге болып, сол жерде тәжірибе жинаған азаматтар мен азаматшалар. Біз де қолымыздан келгенше халықтың ертерек баспанасына қоныстану үшін төтенше жағдайда жинаған тәжірибемізді бөлісу, еріктілік көмегімізді тигізу.

Жауаптылар көмек мұнымен шектелмейді деп отыр. Барлық ауданда гуманитарлық көмек орталығы ашылған. Қазір онда жекелеген азаматтар мен кәсіпкерлер тарапынан әлі де қажетті заттар жеткізіліп жатыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш