Атырау облысында «Алтын тай» аламаны өтті

Өткен сенбі күні Атырау облысы Қызылқоға ауданында «Алтын тай-2022» атты тай мен құнан бәйге оздырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

33 тай мен 27 құнан шапқан аламанның басты мақсаты – қазақ жерінде туған жүйрік жылқыларды іріктеу, сол арқылы тұқымы басқа болғанымен елімізде өсіріліп жатқан бәйге аттарын тізімдеп, құжаттау. Осылайша, қазақтың жергілікті қолтума тұлпарларын іріктеу. Жалпы кейінгі 10 жылда Қазақстанда ат спортына ден қойыла бастағаны қуантады. Миялы ауылының іргесіндегі «Бәйгетөбеге» жиылған қарақұрым көрермен алдымен 33 тайдың өнерін тамашалады. Тай бәйге екі айналым, 6 шақырым деп белгіленген екен. Сол күні табиғат та райын беріп нағыз тұлпардың бағын ашқандай қоңырсалқын болып тұрды. Бұл жас жүйріктер еліміздің 8 облысынан іріктеліп алынған.

Исхан Қайрат, жылқытанушы ғалым:

1999 жылдан бері қарай ҚР таза қанды жылқылар көптеп кірді. Солардан тарған ұрпақтар бүгін еліміздің әр аймағында өсіріліп жатыр. Соның негізінде бәйге қолтума жылқылар пайда болды. негізінде осы қолтумалардың бәйгесі Жамбыл облысында жақсы дамыған.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші 33 тайды санап озған Жамбылдың Қордайынан келген торы төбел тайы бәсекелестерін санап озып, мәреге дара келді. Осылайша, бас бәйге автокөлік жамбылдықтарға бұйырды. Құнан бәйгенің байрағын сарапқа салуға сол 8 облыстан 27 жүйрік шыққан. Нәтижесінде 12 шақырым бойы алдына ат салмаған торы құнанның бағы жанды. Айтқандай, Қызылқоға төрін қиқуға толтырған бәйгенің бас бәйгелері бір кісіге бұйырды. Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген Айдар Нұрмағамбетов деген атбегінің қос торысы сол күннің аңызына айналып, екі автокөлік пен сертификат, және арнайы медаль иеленді.

Айдар Нұрмұхамбетов, жүлдегер:

Сонша жерден атқа сеніп келіп отымыз ғой, 3000 км артқа тастап. Бәскелестер де мықты, жақсы бәге болды ұйымдастырылуы да керемет. Рахмет Атыраудың жігіттеріне. Аттар жарыста өседі, деңгейі көтеріледі.

Осылайша, тайлар мен құнандар арасындағы республикалық бәйге мәреге жетті. Бірақ бұл жерде ұтқан да, ұтылған да ешкім жоқ. Рас аты озғанның мерейі қашан да үстем. Дегенмен, бұл бәйге еліміздің ертеңгі тұлпарларын анықтаған сынақ болды. Негізі бұл жиынның басты мақсаты да осы болатын.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов