Атырауда жергілікті әскери басқару органдарының жиыны өтті

Атырауда жергілікті әскери басқару органдарының басшы құрамымен оқу-жаттығу жиыны өтті. Басқосуда түрлі мәселе талқыланып, ұсыныстар айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар көктемде өткен әскерге шақыру науқаны қорытындыланды. Жиынға Қарулы күштер бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов те қатысты. Жиында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырту жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында тапсырмалар беріліп, өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ азаматтарды әскери қызметке тарту мақсатындағы ұсыныстар да айтылды. Қазірдің өзінде мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне несиелік каникул беру жобасы іске асырылған.

Сәкен Жүсіпов, Қарулы күштер бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы:

– Әке-аналарына коммуналдық төлемді 50 пайызға түсіру – ұсыныстардың бірі. Сосын әскерге барып, өзінің борышын өтеп келген азаматтарға институт, университетке түсу. Сондай ұсыныстар бар. ҰБТ тапсырмай. Ол үшін гранттар беріледі. 30-40 университет дайын.

Бүгінде өңірден күзгі мерзімді әскери қызметке 700-ге жуық азамат шақырылады. Олар шекара қызметінің әскери бөлімдерінде, Қарулы күштер және Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінде борышын өтейді.

Марат Садықов, қалалық біріктірілген қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы:

– Көктемде мерзімді әскери қызметке Атырау облысынан 600-ге жуық азамат шақырылды. Толықтай орындалды. 98 процентке орындалды. Бұл жерде шекара қызметіне орындалмай қалды біраз. Ол азаматтар мына күзгі мерзімді әскери қызметке толықтырылып шақырылатын болады.

Биыл 10 қаңтардан 28 ақпанға дейін облыстағы жергілікті әскери басқару органдары мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтарды алдын ала зерделеп, іріктеу жүргізген. Жергілікті әскери басқару органдарында есепте тұрған 26257 адамның 2169-ы мерзімді әскери қызметке шақырылды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев