72 жастағы марафоншы Ақтауға жетті

72 жастағы марафоншы Сәрсенбай Қотырашев Ақтауға келді. Ұлытау өңірінің тумасы аймақтарға сапарын биыл 31 наурызда бастаған болатын. Каспий жағасындағы шаһарға 7 айда жетіп отыр. Шағын арба жетектеген атайды жолда кездескендер жапатармағай фотоға түсіріп, сәт сапар тілеген сәтін ғаламтордан көруге болады. Суық жел, аптап ыстыққа қарамастан мұратына жеткен қария туған жеріне ұшақпен оралады.

Ақтауға аман-есен жеткен қарт жиһангез теңіздің тұзды ауасын жұтып, жағажаймен жүріп келеді. Қаланың көрнекті жерінде күтіп тұрған ақтаулық жастармен кездесуге асық. Қасында жедел жетіп, атайды әңгімеге тарттық.   Айтуынша, күніне 40 шақырым жүрген. Осылайша, Ұлытаудан Маңғыстауға дейін 8 мың километр қашықтықты жаяу еңсерген.     

Сәрсенбай Қотырашев, жиһанкез:

- Маңғыстау таулы  жер, жалпы көріп келе жатсыз ғой. Сондай жермен көтеріліп, түсу қиын болған шығар, мынадай арбаны итеріп?

- Ешқандай да қиындық болған жоқ. Алланың берген қуатының арқасында. Одан да биік өткелдерден өткем. Көмек көрсетейін деген адамдар көп, мен олардан бас тарттым. Себебі жаяу жүремін деп шарт қойғам өзіме.

- Беліңіз талмай ма, итеріп жүруден?

- Неге талады, жас емеспін бе?!

Кешке мезгілде елді мекенге жете алмаса Сәрсенбай атай далада қонған. Шатыры, жылы киімдері мен тамақ-сусыны шағын арбаға тиелген. Жолаушы жүгінің салмағы 60 келідей. Сыртынан балмұздақ сатушы деп ойлаған адамдарды жолда жиі көргенін айтады. 

Сәрсенбай Қотырашев, жиһанкез:

- Алқынып жетіп келеді. Почем морожоное дейді. Мен де бүлк етпей, 10 мың теңге деймін. 

Жағажайда жүріп келе жатқан жиһангезді көргендер тоқтатып, естелік суретке түсуге өтініш білдіріп жатты. Көпшілік Сәрсенбай Қотырашевтің шалғайға сапарын әлеуметтік желіде бақылағандарын айтып жатыр. Қарияны үлгі тұтып, салауатты өмір салтын ұстана бастаған қала тұрғыны да кезікті. 

Анастасия Бертілеуова, қала тұрғыны:

- Мен осы кісіні желіден көріп, жасым білдім. 72-де. 10 жас менен үлкен былай қарағанда. Сосын мен осы жылдан бастап теңіз жағасына келіп, салқын суға түсетін болдым. Тек ғана маған емес, бүкіл елге мотиватор кісі ол. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Сәрсенбай ата - тәжірибелі ұста. Мына арбаны қосалқы бөлшектерден өзі құрастырған. Айтуынша, Ұлытаудан Маңғыстауға жеткенше 20 рет дөңгелек ауыстырыпты.

Жолаушыны ақтаулық жастар қошаметпен күтіп алды. Шұбат, бауырсақ ұсынды. Қария қымыздың ұлттық мерекеге айналуын көпшілікке дәріптеп жүргенін сөз етті. Қазақстандық қолөнершілер туралы ақпарат базасын құрастыру жоспарымен бөлісті. Ендігі сапарын қасиетті Мекке және Медина қаласына жалғастырмақ ниетте.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Сондай-ақ...