Сеулде вертикалды марафон өтті
Жарысқа қатысушылар Оңтүстік Кореядағы ең биік ғимараттың төбесіне баспалдақ арқылы көтерілді.
Тік марафонға кәсіби және әуесқой спортшылар қатысты. Биыл алғаш рет бастауыш сынып оқушыларына ата-аналарымен бірге 123-қабатқа көтерілуге рұқсат етілді. Қырық екі жастағы Пак То Ён бұл марафонға былтыр да қатысқан. Биыл сегіз жасар қызын ертіп келіпті.
Пак То Ён, марафонға қатысушы:
- Былтырғы марафон әлі есімде, бұл жолы оңайырақ болды. Мен нәтижеге ризамын. Өткен жылы 51 минутта көтерілдім. Ал биыл нәтиже 10 минутқа жылдамырақ.
Пак Ю Да, марафонға қатысушы:
- Біраз қиын болды. Марафонға дайындалдым. Үйде лифттің орнына баспалдақпен жүрдім, құрбымның үйіне барғанда да баспалдақпен көтерілдім.
Барлық қатысушылар міндетті түрде чип кию керек. Ол арқылы марафон нәтижелері бақыланады.
Владислав Цой, тілші:
- Марафонға қатысушылар жүз жиырма үшінші қабатқа дейін сатымен шығады. Ал сайысқа қатысуы үшін жарна ретінде 36 доллар төлейсіз. Жарыстың талабы бойынша 40 жастан асқандар медициналық тексеруден өтеді.
Кореяның ең биік ғимаратындағы тік марафон 2017 жылдан бері өтіп келеді. Осы уақыт ішінде жарысқа 8 мыңға жуық адам қатысқан.
Ким Се Мин, марафон ұйымдастырушы компания өкілі:
- Биылғы марафонымыз рекорд орнатты. Өткен жылмен салыстырғанда қатысушылар саны 2 мыңнан 2 мың 200 адамға дейін өсті. Марафоннан түскен шамамен 100 миллион вон немесе 72 мың 700 доллардан астам қаражат – балаларды оңалту ауруханасының құрылысына жұмсалады.
102 қабатта демалып, сусын ішуге болады. Мәреге жеткендердің мойнына медаль тағылды және Кореядағы ең биік ғимараттың үстінде суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Лотте мұнарасы - әлемдегі ең биік ғимараттардың ішінде 6 орында тұр. Сондықтан оған баспалдақпен көтерілгісі келетіндердің саны жыл сайын артып келеді.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян