Маңғыстаулықтар «Ұлы дала жорығы» жеңімпаздарын қарсы алды

Маңғыстаулықтар «Ұлы дала жорығы» жеңімпаздарын салтанатты түрде қарсы алды.

Алғаш рет ұйымдастырылған республикалық бәйгеде «Көкмойнақ» командасы мәре сызығын бірінші болып кескен еді. Марафон 12 күнге созылды. Оған барлық облыстан 19 команда қатысты. Ереже бойынша Астанадан  Түркістанға дейін 1200 шақырымнан астам қашықтықты бағындыру керек болды. Кей тұлпарлар қолайсыз ауа райы мен шөлейт жер, өзен-көлдер сияқты табиғи кедергілерге шыдамай жолда болдырып қалды. «Көкмойнақ» командасы сынақтан сүрінбей өтіп «Ұлы дала сарбазы» атағын иеленді. Бас жүлдеге тігілген 24 млн теңгені жеңіп алды. Айта кетейік, жалпыреспубликалық ат марафоны әлемде теңдесі жоқ бастама. Қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртып, жаңа туристік бағыттарды қалыптастырған тың жоба.

Ісенбай Қалдаманов, команда жетекшісі:

- Марафонның негізгі мақсаты қазақ жігіттерінің тектілігін, тұлпарлардың мықтылығын әлемге таныту. Осы бағытта біз Маңғыстаудың жігіттері, азаматтары Адай тұқымдас жылқымызбен бардық. Жалпы республика бойынша 190 сәйгүлік жарыс алаңына түсті. Бұл жарыстың қиындығы 190 сәйгүліктен 13 сәйгүлік мәреден өте білді.