Ақтөбе облысында дәрігер жетіспейді

Ақтөбе облысында медицина мамандарының тапшылығы сезіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде өңір орталығы мен ауыл-аймақтарға жалпы саны 73 дәрігер қажет. Бірқатар емханаларда кейбір мамандардың жүктемесі көбейген. Ал мәселені толық шешу үшін жергілікті әкімдіктердің де көмегі маңызды. Бұл қаладағы тұрғыны көп бірнеше ықшамауданға қызмет ететін медицина мекемесі. Мұнда 300-ге жуық медбике мен 150 дәрігер жұмыс істейді. Ал аумақта тұратын адамдардың саны 46 мыңнан асады. Сондықтан маман тапшылығы қатты сезіледі. Биылдың өзінде ұжым 22 дәрігермен толыққан еді. Алайда, қазірдің өзінде әлі үш маман қажет. 

Қадырбек Иманбаев, Қарғалы қалалық ауруханасының бас дәрігері:

– Керегі пульмонолог – өкпе дәрігері, гастроэнтеролог және реанимотолог керек қазіргі таңда. Негізі бұл мамандардың керектігі туралы біздер тиісті жерлерге өзіміздің сұраныстарымызды жібердік. Қазір күтіп отырмыз. Басқа емханалардың дәрігерлерімен сол келісім-шартқа отырып, солармен жүзеге асырылып отыр. Науқастарды солар қарайды.

Жалпы облыс бойынша 73 дәрігер тапшы. Атап айтқанда, қала мен аудандық жерлердегі емханаларға реанимотолог, акушер, невропотолог, кардиолог секілді медицина қызметкерлері керек. Кейбірінің маман күтіп отырғандарына бірнеше айдан асқан. Сондықтан жоқ дәрігерді өзге мекемеден келісімшарт негізінде шақыртып, қызмет көрсетіп келеді. Ал денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, кадр жетіспеушілігі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Себебі, жұмыс істеп жүрген маман басқа емханаға ауысады, кейбірі бала күтіміне орай уақытша қызметтен шеттелесе, енді бірі зейнеткерлікке шығады. Қазіргі тапшылықты жою үшін нақты шара қолға алынған.

Бекболат Ізбасаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз тағы да басқа медициналық жоғарғы оқу орындарын бітірген мамандарды іздеп жатырмыз. Сонымен қатар әрбір ауылға баратын жас мамандарға мотивация ретінде миллион жарым теңге беріледі, сонымен қатар баспанамен қамтамасыз етіледі.

Өңірдегі кадр тапшылығы мәселесін жоюға облыс орталығындағы іргелі оқу орны – мемлекеттік медицина университеті де үлес қоспақ. Бірақ, оқу орнын бітірген түлектердің барлығы бірдей Ақтөбеде қала бермейді. Мәселен, биыл бітірген 916 жас маманның тек 230-ы ғана осы өңірге тоқтаған. Сондықтан университет басшылығы бұл ретте әкімдіктердің де көмегі қажет дейді.   

Әсет қалиев, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры

Біз терең талдау жасап жатырмыз, әрбір облыс бойынша. Келесі жылы да өздерінің маман тапшылығын шешу үшін біріншіден, олар өзіне қажетті мамандарды дайындауды көбейтіп берсе, екіншіден, резендентура бітіргеннен кейін, барғаннан кейін оларға әкімшілікте жағдайларын жасау керек.

Өңірде маман жетіспеушілігі мәселесін жою үшін кешенді шаралар қолға алынбақ. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев