Елімізде «Қыран елім Қазақстаным!» челленджі басталды

Қыран елім Қазақстаным! Дәл осындай атаумен елімізде патриоттық челлендж басталды.

Яғни елордадағы жас спортшылар Республика күні қарсаңында жалынды өлең шумақтарын оқып, кейін оны басқа қаладағы достарына жолдайды.  Осылайша әлеуметтік желі арқылы елдің рухын көтеріп, айтулы мерекенің мәртебесін арттырғысы келеді.

Елорданың мемлекеттік рәміздер алаңы. Жаңа челлендждің осы жерден бастау алуы бекер емес. Олимпиада чемпионы Серік Сапиевтің өзі осында арнайы келіп, жас спортшыларға қолдау танытты. Олар Қазақстан республикам менің" атты жыр шумақтарын оқыды. 

Серік Сәпиев, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшысының орынбасары:

- 25 қазан күні – ұлттық мереке Республика күні деп белгіленді. "Қыран елім Қазақстаным!" патриоттық акциясы бұл мереке күніне орай ұйымдастырып отырмыз. Атырау спортшыларына жолдап отырмыз. Бұл акция спортты дамыту үшін, бұқаралық спортты дамыту үшін ұйымдастырылып отыр.

Астанадағы бастама енді Атырауда жалғасын табуы қажет. Жалпы үн қосам деушілерге шектеу жоқ. Барлық видео #РеспубликаКүні хэштегімен әлеуметтік желілерде жарияланады.

Еркеғали Кәрібозов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Мұндағы мақсат Республика күніне байланысты қазақ спортшыларының бір-біріне деген патриоттық қолдау акциясы, адамның патриоттық сезімін ояту, спортшылардың бір-біріне деген байланысын, бір-біріне деген татулығын, бір-біріне деген қазіргі заманауи тілмен айтқанда бір толқында екенін көрсетеді.

Арнайы челлендж қазан айының соңына дейін жалғасады. Ал оған тікелей мұрындық болған қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы алдағы күндері айтулы мереке аясында тағы бірқатар спорттық жарыстар мен басқа да шараларды өткізуді жоспарлап отыр. 

Аслан Қаженов, Ербол Дайыров