Нұрсұлтан Баймұхамбетов – ерліктің үлгісін көрсеткен батыр жігіт

1995 жылы 19 қазанда Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын.

Осы құжат негізінде 19 қазан құтқарушылар күні болып белгіленді. Аталған құрылым ширек ғасырдан астам уақыт ішінде техникалық, штаттық тұрғыдан барынша жарақтандырылды. Соның арқасында мыңдаған адам айтып келмейтін апаттан құтқарылып, туған-туыстарымен аман-есен қауышты.

Нұрсұлтан Баймұхамбетов үлкен жауапкершілікті талап ететін төтенше жағдайлар саласына 2019 жылдың ақпан айында келді. Ол қазір Талдықорған қалалық №2 Өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп жүр. Әскерден орала салысымен осы мамандықты таңдаған бозбала өткен жылы облыс орталығындағы №3 ықшам ауданда өртеніп жатқан пәтердің ішінен екі баланы аман алып шықты. Оның бұл ерлігі ескерусіз қалмады. «Төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Пәтер қожайындарынан үй ішінде екі бала қалып қойғанын естіген Нұрсұлтан ештемеге қарамастан көк түтіннің ішіне қойып кеткен.

Нұрсұлтан Баймұхамбетов, азаматтық қорғау кіші сержанты, өрт сөндіруші:

- Сол сәттен бастап балаларды іздеуге кірістік. Бірінші баланы жатын бөлмеден тауып алдық. Ал екіншіні ас бөлмесінен таптым. Ол кезде ол ес-түссіз жатқан бала болатын. Тез арада баланы алып шығып, жедел жәрдем мамандарына табыстадық. Ең бірінші және ең маңыздысы, ол балалардың аман болғаны болды. Менің ойымша, бұл тек қана менің марапатым емес, ол дәл сол күні түскен, дәл осы жерде жұмыс істеген адамдардың бәрінің марапаты деп ойлаймын.

Ермек Кәкенұлы, Талдықорған қалалық №2 Өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

- Өзінің міндетін жақсы атқарып жатыр. Берген тапсырмасын орындайды, өзі ұқыпты. Келгелі ешқандай сөгіс алған жоқ. Үлгі болатын жігіт. Өркендеп, өсуіне тілектеспіз. Сондай балалар көп болса екен дейміз.  

Біз құтқарылған балалардың жағдайын білу үшін №3 ықшам аудандағы үйлердің бірінде орналасқан пәтерге келдік. Есігі шегеленгенін көріп, мән-жайға қанығу үшін көршілерінен не болғанын сұрастырдық. Пәтер одан кейін тағы бір рет өртеніп, ішімдікке салынған қожайындары ата-ана құқығынан айырылыпты. Көршілері өрттен құтқарылған балалардың балалар үйінде тәрбиеленіп жатқанын және құтқарушыларға айтар алғыстары шексіз екенін жеткізді.   

Ғалия Беделбекқызы, қала тұрғыны:

- Әрине, мен өзім 4 баланың анасымын. Мұнда өрт шыққан кезде өз балаларымның өмірі үшін қорықтым. Сосын осы кісілерді шақырғаннан кейін бірер минуттың ішінде келді. Бәрімізді құтқарып алды. Себебі үйінен газ баллонды алып шықты. Егер ол жарылғанда, жаман болар еді. Сондықтан бұл кісілер медальға лайықты деп ойлаймын.

Нұрсұлтан болашақта жоғары білім алып, офицер атанғысы келеді. Таңдаған жоғары оқу орны Көкшетау азаматтық қорғау академиясы. «Осындайда тамаша ерлік үлгісін көрсеткен Нұрсұлтан Баймұхамбетов сияқты батыр жігіттерге еліміздегі өзі таңдаған оқу орнына тегін мемлекеттік грант берілсе, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов, Айгүл Ғазизуллина