Астанада жаңа музей бой көтереді

Астанада ашық аспан астындағы жаңа музей бой көтереді.

Елорданың төңірегінде орналасқан ежелгі Бозоқ қалашығының аумағына «уақыт капсуласы» салынды. Тарихи кешенде ұлттық парк, өндірістік кварталдар, мұражай және Қазақстанның қасиетті орындар тізіміне енген көне шаһардың  кесенесі қалпына келтіріледі.

Бозоқ көнетүрік қалашығын осыдан ширек ғасыр бұрын алғаш болып археолог Кемаль Акишев тапқан. Тарихи жаңалық Астана әлде қайда ертеректе салынғанын көрсетеді. Жүргізілген қазба жұмыстарының арқасында ғалымдар дала өркениетіне қатысты бай жәдігерлерге қанығып отыр. 

Айнагүл Ғаниева, Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми хатшысы:

- Бұл саябақтың ішінде біз эниолит дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейін ұлы дала жерінде өркениеттің қалай дамығанын көре аламыз. Оның ішінде қандай тұрғын үйлер болды. Қандай киімдер болды. Қандай ғибадатханалар болды. Соның барлығын аутентикалық түрде қалыпқа келтіреміз.   

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Жобаны бастап жатырмыз. Жастарға осындай біздің тарихымыз бар екенін көрсету үшін біз осындай үлкен Бозоқ сияқты жобаны жасаймыз. Осының арқасында біз ұлттық кодымызды, ұлттық тарихымызды, ұлттық болмысымызды көрсете аламыз дей ойлаймын. Ол жерде тек қалашықтың бейнесі ғана болмайды. Үлкен археологиялық, бір жағынан парк, екінші туристік парк болады. Туризмді таратын парк болады.

Ұлттық парктың аумағы 400 гектардан асады. Оның ішінде көл де бар. Кешеннің құрылысы бірнеше кезеңде жүргізіледі. Алдымен толық қоршалып, орта ғасырлық стильдегі екі кіреберіс қақпасы болады. Ал келесі жылы саябақтың визит орталығы салынып, Бозоқ қалашығы жаңғыртылады. 

Еркін Әбіл, мемлекет тарихы институтының директоры:

- Осы кешен, осы ұлттық парк ертең мына біздің ұлы дала өркениетінің алты мың жылдық тарихын ең алдымен біздің халыққа танытады. Екіншіден Астанаға келген қонақтарға танытады. Бұл ұлы дала өркениетінің тікелей мұрагері қазақ қоғамы екенін көрсету үшін Ботай мәдениетінен бастап қазіргі қазақ қоғамына дейін байланысты көрсететін ертең үлкен мұражайлық кешен болады.  

Жаңғырту жұмыстарына 7 миллирад теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Ғалымдардың айтуынша, Бозоқ қалашығындағы бірқатар жәдігерлер әлі күнге дейін түртілмеген күйі тұр. Археологтар кешенді жіті зерттеп жер қатпарында сақталған құпияның қыр-сырын ашады.

Руслан Бақытбекұлы, Ботагөз Базарбаева, Нұрбол Үздікбаев