Ел дамуына үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды – Қызылорда облысы

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, осы актімен әлем картасында тәуелсіз қазақ елінің негiзi салынған Республика күні Сыр елінде айырықша тойланып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күні кеше балаларға мерекелік тарту ретінде 80 ойын алаңы пайдалануға берілді. Одан бөлек қоғамдық көлік паркі жаңа 40 автобуспен толықты. Ал бүгін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар марапат төрінен көрінді.

Егемендік ұлттық сананы оятты. Ол қазақ халқын «Отан», «өз елім, өз жерім», «бостандық», «тәуелсіздік» деген ұғымдардың маңына біріктіре алды. Аймақ жұртын осынау ұлық мерекемен құттықтаған облыс әкімі азаттықтың ақ таңы атқан мерекеге Сыр өңірі толайым табыстармен жетіп, мемлекетті нығайтуға сырбойылықтардың қосқан үлесі үлесі зор екенін айтты.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын» деп, Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керектігін қадап айтқанын білесіздер. Енді міне, араға 13 жыл салып, Президентіміздің 2022 жылғы 29 қыркүйектегі Жарлығымен  Республика күні ұлттық мереке болып халықпен қайта қауышты. Ұлттық мереке баршамызға құтты болсын. Тәуелсіздігіміздің тұңыры нық, ел еңсесі биік, халқымыз аман болғай. 

Салтанатты жиында мыңнан астам студенттің тегін білім алып, 50 отбасының баспаналы болуына мүмкіндік жасаған кәсіпкер, меценат Мұрат Үдербаевқа аймақ бойынша тұңғыш рет І дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Мерейлі сәтте 50-ге тарта жерлесімізге «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені және «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалі мен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы табысталды.

Алмас Алматов, облыстың Құрметті азаматы:

– Сыр елі – мың жылдық мәдениет, жүз жылдық ата-баба тарихының жәдігерінде болған қасиетті мекен. Өнер бүгінімен қызық, ертеңімен өміршең. Өнер мұрагер ұрпақтары арқылы дәстүрлік сипатқа айналады. Олай болса, қазақтың дәстүрінің де, мәдениетінің де орталығы біздің Сыр елі екені аян.

Ұлық мерекеге арналған жиын дәстүрлі және патриоттық әндер шырқалған кешке ұласты.

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев