Ерлік даңқы ескерусіз қалмайды. ШҚО-да Барақ батырдың есімі ұлықталды

Шығыс Қазақстан облысында жоңғар-қалмақ шапқыншылығына тойтарыс берген аса көрнекті қолбасшы, аға батыр Көкжал Барақтың туғанына 320 жыл толуына орай ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Барақ Шүркеұлы Орта жүздің Найман тайпасының Көкжарлы руынан шыққан. Яғни қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында дүниеге келген. Есімі үш жүзге мәшһүр тарихи тұлғаның жорық жолдарын әйгілей түсетін тың деректер баршылық. Дегенмен әлі де зерттей түсетін тұстар да аз емес. Бұл – Күршім ауданында Көкжал Бараққа арнап қоладан құйылған 40 метрлік ескерткіш монумент. Даңқты қолбасшының ерлік рухына тағзым етуге келгендердің қарасы қалың. Батырдың туған жеріне еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан аса адам жиналды. Сонау Ұлытаудан келген Толқынбек Нұрмағамбетов те осы өңірдің тумасы екен. Кіндік қаным тамған жерге 70 жылдан кейін келіп тұр. Екі мың шақырымды артқа тастап бұл тойға куә болды. Барақ сынды батыр бабасының ерлік істерін әркез мақтан тұтады.

Толқынбек Нұрмағамбетов, Ұлытау облысынан келген:

– Бұл жер Күршім ауданы бабаларымыздың туған жері. Біз сол бабаларымыздың туған жеріне бұрын келген жоқпыз осыған дейін. Әдейі келдік көру үшін, батыр бабамыздың қай жерде өмір сүргенін, қай жерде тұрғанын, табиғаты қандай екенін өз көзімізбен көру үшін әдейі келдік Барақ баты бабамыздың тойына. 

Көкжал Барақ есімі туып-өскен ел үшін жаумен жан аямай соғысқан Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Қарасай және Шақшақ Жәнібек сынды батырлармен бірге аталады. Ол әйгілі Аңырқай, Бұланты, Шыңғыстау мен Шаған үшін болған шайқастарда ерлік істерімен көзге түсті. Тарихшы ғалымдардың пайымынша, кезінде жоғарлардың ықпалында болған қазіргі Күршім өңірін де жаудан азат етуге атсалысты. Қоғам қайраткері Мирас Өтей өз еңбектерінде Барақ батырдың 15 жасында-ақ жасындай жарқылдап, жауға қарсы қол бастағанын жазады. Ал орда бұзар отызында 4 мың адамдық қолға басшылық еткені өз алдына бір тарих. Осындай ерлігіне разы болған хан Абылай сыйлық ретінде батырға Күршім өзенінің оң жақ беткейіндегі жерді сыйға тартқан. Бүгінде Көкжал Барақ қоныстанған аймақ Теректі бұлақ ауылы деп аталады. 

Мирас Өтей, қоғам қайраткері:

– Тәуелсіздігімізді алғаннан бері Көкжал Барақ бабамызды ұлықтау, насихаттау 1992 жылы Күршім ауданы Теректі бұлақ ауылында ескерткіш ашылып, сондай үлкен дүбірлі той болған. 300 жылдығы да, 310,315 жылдығы да, мінекей, бүгін 320 жылдыққа жетіп отырмыз. Біз әлемді қолына бағындырған елміз. Біздің батыр бабаларымыз осындай ұлан байтақ жерді алып берді. Сол мықты жерге ие болайық. Руханиятымызға қан жүгіріп жатыр. Қазақтың рухты, батыр жігіттері көп болсын!    

Деректерге сүйенсек, Барақ батыр Абылай ханның ақ туы астында туған жерін жоңғар шапқыншылығынан азат етуге атсалысады. Талай шайқаста қаһармандықтың үлгісін көрсеткен батырға ханның өзі Көжалым деп сүйінеді. Ал арқасында өскен көк қыл жалы да жауына айбат шеккенде тым күдірейіп, ерекше сұс беретіні алты алашқа аңыз боп тараған. Қол бастаған батырдың бүгінгі ұрпағы да шалт қимылды һәм ширақ. Әрқайсысы ат құлағында ойнаған шабандоз екенін батыр баба құрметіне ұйымдастырылған көкпар бәсекесінде дәлелдеді. 

Айдын Жиенжанов, көкпардан Күршім ауданы командасының капитаны:

– Барақ атамыздың 320 жылдық тойы болғаннан кейін бұл жерде ұлттық ойындар міндетті тұрде болу керек. Себебі жас балалар бар ат үстінде ойнайтын. Міне, ұлттық ойынымыз көкпар болып жатыр. Осы Күршім ауданына жан-жақтан командалар келді, келгенде сол төрт команда ойналып жатыр қазір. 

Дүбірлі шара соңы танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке ұласты. Республика күні мерекесі қарсаңындағы демалыс күндерін күршімдіктер осылай көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алды.

Талғат Серікқалиұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин