Хромтаудағы балабақша апатты жағдайда тұр – Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысының Хромтау қаласында қабырғаларына сызат түскен балабақшаның бір бөлігі жарамсыз күйде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі нысанды жіті тексерген алматылық зертхана «апатты жағдайда» деген қорытынды берген. Соңғы бір жылдан бері балабақшадағы 200 баланың жартысы өзге үш бірдей мектепке дейінгі ұйымда тәрбиеленіп жатыр. Ал екі қабатты нысанның осы бөлігінде сызат 2012 жылы пайда болған. Содан бері жамап жөндеу жиі жүргізілгенімен, мәселе шешілмепті. Тіпті осыдан жеті жыл бұрын ғимарат толық күрделі жөндеуден өтіп, қабырғалары әр тұстан темірмен бекітілген. Алайда мұндай әрекет те нақты нәтиже бермеді. Қазір іргетасы мен төбелеріне де сызат түскені байқалады. Зерттеу, сараптама жұмыстары ғимараттың осы бөлігі түскен жер қабатының берік еместігін көрсеткен. Сондықтан бұзып, қайта салу көзделіп отыр. 

Раушан Жалимова, №3 «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі:

– Балабақшамыз әдемі, жақсы, территориямыз күшті. Балаларымыз көп. Бірақ енді осындай жағдайда отырмыз. Жөндеу жұмысына165 миллионға санап берді. Бірақ ол нақты емес, мемлекеттік сараптама, жоба әлі қарайды. Соны көбейте ме, азайта ма? Оны біз білмейміз.