ШҚО-да коммуналдық кәсіпорындардың қысқа әзірлігі тексеріліп жатыр

Әкімдік өкілдері мен  полиция қызметкерлері арнайы техникалардың дайындығын көріп шықты. Өңірде көктайғақты болдырмау үшін 7 мың тоннадан астам материал дайын тұр. Қыста қар тазалау  жұмыстарына 440 транспорт жұмылдырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өскемен – Рахман қайнары жолында жақында ғана жол апаты болды. Абырой болғанда, адам аман. Қар түспей жатып, жол-көлік оқиғасы жиі болатын бұл трассада қыста жағдай тіпті қиындайды. Сондықтан үнемі назарда ұстамаса болмайды. Қараша айына облыстағы коммуналдық кәсіпорындар  400-ден астам астам қар тазалау машинасын дайындап қойды. .Мәселен, «Таза Өскемен» кәсіпорынының базасында қазір нағыз қарбалас. Дайындық барысына полиция қызметкерлері де көрді. Сонымен қатар өңірде 7 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал  жиналып тұр.

Айта кеткен жөн, жол күтіміне кететін шығын өскен. Оның үстіне көлік бөлшектерінің бағасы да қымбат. Сондықтан Өскемендегі коммуналдық мекемелерге келер айда 147 миллион теңге қосымша қаржы бөлінбек.Бұл осы техникаларды жөндеу үшін жұмсалатын болады.

Асхат Тәженов, «Таза-Өскемен» коммуналдық кәсіпорынының басшысы:

– Қысқа қамданып жатырмыз, дегенмен біршама қиындықтардың бары рас. Мәселен, Ресейден, Қытайдан автокөлік бөлшектерін жеткізу қазір оңай емес. Шекарада кедергілер көп. Әйтеуір өткен жылы құрама қызмет көрсететін заманауи техника алған болатынбыз.Солар жол тазалауға шығарылады.

Өскеменнің көшелеріне жауапты бұл мекеме биыл жұмысшылардың жағдайына ерекше көңіл бөліпті.Енді ауысыммен  істейтіндер шаруа арасында бұрынғыдай көлік ішінде жаурап отырмайды. Полиция қызметкерлері әкімдік өкілдерімен бірлесіп, осындай кәсіпорындардың барлығын аралап шықты.

Игорь Клишин, ШҚО ПД әкімшілік Полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Біз облыс бойынша 25 кәсіпорынның базасын аралап шықтық. Құрал-жабдықтар мен техника дайындығы арнайы актде көрсетілетін болады.

Сонымен коммуналдық қызмет орындарының қазіргі әзірлігі 82процентті көрсетті. Дегенмен дайындық сапасы жақында байқалады.Синоптиктер болжамынша, шамамен екі аптадан соң алғашқы қар түсіп, аязды күндер басталады.

Эльмира Ахметова, Вячеслав Ветлугин ,Дмитрий Пыхтин