Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандар қаладағы «кедергілер» жайлы енді бейнероликтер түсіретін болды

Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандар қаладағы «кедергілер» жайлы енді бейнероликтер түсіретін болды

Мүгедектердің мұқтаждығын билікке жеткізудің бірегей әдісі. Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің жүріс-тұрысына қиындық тудыратын қаладағы «кедергілер» жайлы енді бейнероликтер түсіретін болды.

Осы арқылы қоғамда өз құқықтарының  өзгелермен теңдей болуына қол жеткізбек.  Олардың айтуынша, бұл билікті сынау емес, керісінше түйткілді мәселелерді бірлесіп шешу әрі қолдау

Мүмкіндігі шектеулі Андрей Жистовский қоғам белсендісі Руфит Ахметзяновпен бірге  маңызды бейнероликті монтаждап жатыр. Түсірілімнен жарымжан азаматтардың қандай да бір мұқтаждығы жайлы «бір үзік ой»  түюге болады. Яғни билік өкілдеріне арналған өтініш деген сөз. Бұл материалдар әбден дайын болған соң әлеуметтік желіге таратылады.

Руфит Ахметзянов, қоғам белсендісі:

- Мемлекеттік органдар  бейнероликте айтылған кемшіліктерді шешуге қолдау көрсетеді деген сенімім мол. Қандай да бір нысанның құрылысы аяқталар кезде мүгедектерге кедергілер бар екені байқалса, оны сол сәтте реттеу керек.

Арбаға таңылғандар қала ішінде  өздерін еркін сезінуі тиіс. Бірақ бұл көп жерде ескеріле бермейтін жайт дейді Андрей Жистовксий.

Андрей Жистовский,  қала тұрғыны:

Мен өзімнің де өзіммен тағдырлас жандардың да қалада емін -еркін жүргенін қалаймын. Алайда көп жағдайда қолайсыздықтарды көріп қиналып қаламыз. Сондықтан біздің бастамамыз тиісті мамандардың  жылдам шешім қабылдауына септігін тигізер деген ойдамын.

Мына жерүсті өткелі «кедергілер көпірі» десе де болады. Ішінде «мүгедектерді жоғары көтеруге арналған кабинаның» аты бар болғанымен,  заты жоқ.Егер шаһарды бастан аяқ аралап шықсаңыз осындай  мысалдардан көз ашпайсыз. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі мамандардың сөзінше, жаңадан салынған нысандарды қабылдап алатын комиссия құрамына мүгедек азаматтар міндетті түрде қосылады.

Айгүл Сүлейменова, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Биылғы жылы 2022 жылы 17 ғимарат тізімі бекітілген, монтиорингтік топ құрылған сол мониторингтік топ 17 мекемеге барып, барлық жағдайды түсіндіріп, бейімдеулерді қалай жасау керегі  туралы ақпарат берді.

Мүмкіндігі шектелі жандардың өз мұқтаждықтары жайлы «жар салардай» жөні де бар. Ресми мәліметке сүйенсек елімізде 25 мың нысан мүгедек жандарға «қағаз жүзінде» ғана бейімделген екен.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин