Конституциялық сот туралы заң қабылданды

Енді азаматтардың өтініштерін Конституциялық сот қабылдайды. Сенаторлар бүгін осындай сотты құру туралы заңды қабылдады. Ал мұны наурыздағы Жолдауында Мемлекет басшысы тапсырған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ заң мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейтеді. Азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді. Мысалы, сайлау өткізудің дұрыстығы, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың ата заңға сәйкестігін қарау, Конституциялық нормаларды ресми түсіндіру, осының бәрі Конституциялық соттың құзыретіне жатады. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев заңның қабылдануын түсіндіре отырып, былай деді.  Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну құқығы беріледі. Конституциялық Сот жоғарғы сот органы ретінде заңның үстемдігін қамтамасыз етеді, елдегі азаматтардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға септігін тигізеді.

Осы заңнан кейін Сенат «Прокуратура туралы» конституциялық заңды қабылдады. Бұл құжат енді аудандардан бастап орталыққа дейінгі прокуратураның бүкіл жүйесі мен құзыретін айқындайды.

Аталған конституциялық заң маусым айында өткен республикалық референдум нәтижесінде әзірленді. Осылайша прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттеліп отыр.

УӘКІЛДІҢ ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Бұдан бөлек Сенатта Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң да қабылданды. Енді азаматтардың құқықтарын қорғау күшейе түспек.

Уәкіл қазақстандықтардың құқықтарын қорғау үшін Конституцияда бекітілген адам мен оның құқықтары, бостандықтары туралы нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі бойынша Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Ол сондай-ақ мемлекеттік органдар, өзін-өзі басқару органдары, өзге де ұйымдар мен азаматтар арасындағы дауды реттеу жөніндегі қоғамдық диалогқа қатыса алады. Заңда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің неғұрлым тиімді жұмыс істеуі үшін оның мәртебесі едәуір күшейтіледі. Тәуелсіз әрі мемлекеттік органдарға есеп бермейді. Лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы куәгер ретінде одан жауап алуға болмайды. Бұл мәртебе құқықтары бұзылған қазақстандықтарды қорғаудағы құқықтық кепілдікті күшейтеді дейді сенаторлар.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров