Атырауда «Мұнайшылар даңқы» аллеясы ашылды

«Қазыналы қарт Ембі» атанған өңір қазақ мұнайының қара шаңырағы екен даусыз. Сонау «Қарашүңгілден» табылған алғашқы қара алтын, кейін «Доссор» кәсіпшілігінен атқылаған алғаш мұнай бұрқағы бүгінгі ел экономикасының күре тамырына айналған саланың алғашқы қадасы болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғасырдан астам уақыт толассыз өнім беріп келе жатқан кәсіпшіліктердеің әлі де қоры сарқылған жоқ. Тек соңғы 10 жылда ембіліктер 30 млн тоннадан астам мұнай өндіріп, ел қазынасына 1 трлн 303 млрд теңге табыс қосып отыр. Ендеше, бүгінгі шара- осынау ерен еңбек иелеріне қойылған ескерткіш екені анық.

Рысты Тасмағамбетова, «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының орынбасары:

- Біздің қалада мұнайшылар еңбегін құрметтейтін бірде-бір монументалдық ескерткіш салынбаған екен. Сондықтан біз осы проектіні қолға алып, бүгінгі күні мәресіне жеткіздік. Бұл тек қана  мәдени мұра болып қалмай, тұрғындардың жақсы бір сүйікті демалатын жеріне айналатынына біз үміттеміз.

Аумағы 6300 шаршы метрді алып жатқан аллеяның қақ төріндегі тұғырға  мұнай мен табиғи газдың жалынын бейнелейтін 15 метрлік стелла қойылған. Қос қапталында кен орындарының атауы жазылған 47 баған бар. Бұл – Ембімұнайгаз акционерлік қоғамына қарасты әр жылдары ашылған мұнай кәсіпшіліктерінің саны. Сондай-ақ, түрлі тақырыптағы композициялар мен елеулі тұлғалардың есімі жазылған ескерткіш тақта тұр. Бұл аллея қала тұрғындарына арналғандықтан балалар 4 ойын алаңы, су бұрқағы бар.

Мақсым Ізбасов, ардагер мұнайшы:

- Қазақстандағы мұнай кен орындары тарихқа үңілсек, Ембіден бастау алады. Сонау 1959 жылы Ақтөбе облысындағы «Кеңқияқ» игерілсе, 1961 жылы «Жетібай», 1964 жылы «Өзен» мұнай кен орны, 1979 жылы «Теңіздің» ашылуының басы-қасында Ембіліктер тұрды.

Биыл «Ембімұнайгаз» компаниясы мұнай кәсіпшіліктері орналасқан 4 ауданға  спорт алаңын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Атыраулықтардың әлеуетін арттыруға арналған шаралар алға қарай да жалғасын табатын болады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов