Ақмола облысының Өркендеу ауылына ауызсу тартылды

Бұл елді мекенде 30 жылдан астам уақыттан бері орталықтандырылған су жүйесі болмаған, деп хабарлайды "Хабар 24".

Енді «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында  500-ге жуық тұрғыны бар ауыл ауызсудың игілін көрмек.

Ауылдық ағайын үшін бүгін тарихи күн. Ауылға көптен күткен су кірді. Бұл жаңалыққа жас та, жасамыс та мәз. 

Су жүйесін жүргізуге республикалық және облыстық қазынадан 314 млн теңге жұмсалды. Сыйымдылығы 50 текше метрлік мұнара қойылып, заманауи үлгідегі су сорғы қондырғылары орнатылды. Ұңғыма станциясы толықтай автоматтандырылған. Бұл елді мекенді ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қайнар Егізбаев, тілші:

- 33 жыл бойы ауылдықтардың көңілін күпті еткен мәселенің бірі ауызсу болса, енді осы арнайы құрылғылар арқылы ауылдағы ағайынға тіршілік көзі тарайды.

Бұл ауылдың халқы су азабын әбден тартқан. Машақаты мол, қиын кездерді Рахымжановтар әулеті жақсы біледі. Енді бұл кезеңдер жергілікті жұртшылық үшін артта қалды. Сабылып қашықтан су тасып әуре болмайды. Таза су әр үйге тартылған 

Назгүл Рахимжанова, Өркендеу ауылының тұрғыны:

- Осыған дейін 30 жыл уақыт мұз да іштік. Қыстыгүні Нұрадан ойып әкеп, жазды күні су тасығыш Қорғалжыннан келеді. Соны бөшкелерге толтырып, ішіп келдік. Енді бүгін арманымыз орындалды. Суымыз тоқтамасын.

Қалдыбала Жолдыбаева, Амангелді ауылдық округінің әкімі:

- Бүгінгі таңда Өркендеу ауылының су тарату желілері жүйелері 12 мың метрді құрайды. Қазіргі таңда 113 үйге таза ауыз су жеткізіліп, ауыл халқы таза суды қолданып отыр.

КӨШЕЛЕР ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛДЫ

Ал Қорғалжын ауылында бес бірдей көше жарықтандырылды. Бұл жұмыстарға 40 млн-нан астам қаражат бөлінген. Сонымен қатар аудан орталығындағы тоз-тозы шыққан жолдар жөнделіп ел игілігіне берілді.

Төреухан Мұқанов, Қорғалжын ауылының тұрғыны:

- Міне, көрініп тұр. Қандай жұмыстар атқарылып жатыр. Өте ризамыз. Халықта көріп отыр. Соқыр адам ғана көрмейді. Алғыс білдіреміз.

Жалпы Қорғалжын ауданында 18 елді мекен бар. Оның 12-і ауызсумен қамтылған. Тағы 5 ауылда модульді су тазарту қондырғылары орнатылған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, орталықтандырылған су мәселесі 2025 жылы толық шешімін табады.

Авторлары: Қайнар Егізбаев, Наурызбай Құрманғазы