Елордалықтар апатты үйдің азабын тартып келеді

Елордадағы тұрғын үйлердің бірі құлаудың алдында тұр. Жауаптылар ғимараты қиратып, тұрғындарды көшіру 2027 жылға дейінгі жоспарға кірмегенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл тұрғын үй 1982 жылы салынған. 200-ден аса пәтер бар. Үйдің қазіргі күйі мәз емес. Жарылған қабырға, қолқаны қабатын қолаңса иіс тұрғындарды әбден әбігерге салды.

Торғын Тасыбекова, қала тұрғыны:

- Тарақандар, тышқандар бар. Бізге су келмейді. Жарық сымдары ажырап кеткен. 1 фазаның өзі 16-18 үйде. Осы жатақхананы қарастырып, бұзу жұмыстары жүргізілсе екен деймін. Адамдарға үй берсе екен. Соған риза боламыз.

Тұрғын үй ресми түрде апатты деп танылған. Мұны растайтын сараптамалық құжат та бар.

Сәкен Кенжеболатов, заңгер:

- Тұрғындар үлкен мәселеге кезігіп отыр. Үйдің 64% тозған. Былтыр бұл көрсеткіш небәрі 48% құрап еді. Бір жылдың ішінде 17% жарамсыз болып отыр. Бұлай жалғаса берсе, екі жылдан кейін үйдің сау-тамтығы қалмайды. Қазіргі уақытта арнайы комиссия үйді апатты, тұруға жарамсыз деп таныды.

Елордада бүгінге дейін апатты үйді паналаған мыңдаған отбасы жаңа қонысқа көшті. Қазір қираудың алдында тұрған баспалардың саны 200-ден асады. Биыл 18 үй сүріледі. 2027 жылға дейін жаңа үйге көшетін тұрғындардың тізімі нақтыланған. «Алайда оның ішіне біз айтқан баспана кіріп үлгермеген», – дейді жауаптылар.

Төлеген Ахметов, қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

- Қазір бізде жоспарланып тұрған 2023-2027 жылдарға үйлер тізімі бар. Бұланты 4 бұл үйге кірген жоқ. 05:08 Келесі тізімге қосылады, бізде үйлердің қанша беретні саны бар ғой. Қазір 23-27-ге жоспар көктемде дайындалған. Бұл үй ол кезде апатты деп танылған жоқ. Бұл тек маусымда жазда танылды.

Жалпы елімізде бас-аяғы 800-ге жуық апатты үй бар. Тағы 3 мыңға жуығының тозығы жеткен. Ал оларды толықтай сүріп, орнына жаңа үй тұрғызу жақын арада орындалатын меже емес. Себебі бұған қыруар қаржы керек.

Нұрбол Көкенов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігініңсарапшысы:

- 2021 жылдан бастап 25-ке дейін жоспар бойынша 251 апатты үй сүріліп, орнына үй салыну керек. Одан бөлек, өзіміздің жоспарға сәйкес одан да көп сан болады деп күтілуде. Негізінде апатты үйлердің квадратына қарайды, кемінде 1 бөлмелі пәтер беру керек.

Апатты үйдің азабын тартып отырғандарға реновация бағдарламасы көмекке келеді. Бірақ бұл жобаның өзі көпке қолжетімсіз болып тұр.

Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров