Саран қаласындағы шина зауытынан алғашқы қазақстандық шина шығарылады

Осы айдың соңында Қарағанды облысының Саран қаласындағы шина зауытынан алғашқы қазақстандық көлік дөңгелегі шығарылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір іске қосу алдындағы жұмыстар пысықталып жатыр. Жылына 3,5 млн дана шина шығаратын зауыт тек келер жылдың үшінші тоқсанына қарай толық қуатында жұмыс істейді. Онда 1100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Бір кезде елеусіз қалған бұл жерде қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал 28 гектарға салынған зауыттың ішіне әлемнің ең үздік өндірушілерінің жаңа құрал-жабдықтары орналастырылуда. 1,5 жылға жуық уақыт Нижнекамск шина зауытында білімін жетілдіріп келген Ақылбек Имамағзам осындағы жауапты мамандардың бірі. Ақылбек сынды 150 адам Ресейде оқып жатса, жергілікті Саран колледжінде де зауыт сұранысына сай мамандықтар ашылған. Олардың барлығын зауыт жұмыспен қамтымақ.

Ақылбек Имамағзам, цех шебері:

- Өндірістік тәжірибеде бізге барлығын, дөңгелекті қалай жасап, қалай жинау керегін, неден тұратынын үйретті, қолмен ұстап, көзбен көрдік. Мен Нижнекамск қаласынан екі ай бұрын ғана келдім, енді бұйырса алғашқы дөңгелекті шығарамыз.  29 қарашада шығарамыз деген ойдамыз.

Шинаға қажетті өнімнің барлығы Татарстаннан жеткізіледі. Бірақ болашақта жергілікті өндірушілердің де сұранысқа сай бейімделетін мүмкіндігі бар. Алғашқы кезекте шинаның 120-ға жуық үлгісі шығарылады. Бірінші жеңіл көлік дөңгелегіне басымдық берілсе, одан кейін ауыл шаруашылығы техникаларының да дөңгелегі шығарыла береді.

Александр Смышляев, шина зауытының директоры:

- Шиналарды жасау технологиясы қазіргі таңдағы ең замануи құрал-жабдықтарда жүргізіледі. Сондықтан сапасы жоғары болады. Себебі осында зертханалар болады, олар әр дөңгелектің сапасын қадағалайды. Қазақстандықтар үшін бағасы да төмендеу есесіне Жапон және Неміс дөңгелектеріне бәсекелес бола алады. 

 Саран қаласында шығарылатын шина өнімдерінің 60% ішкі нарықты қамтиды. Қалғаны шетелге шығарылады. Инвестор аталған жобаға 171 млрд теңге қаржы құйған. Бірақ жылдық айналым 63 млрд теңгеден кем болмайды деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар