Елімізде тұтынушылардың құқығын қорғау процесі жеңілдейді

Жауапты ведомство мамандары заңға енгізілетін өзгерістер тізімін, әзірлеп қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін қандай да бір тауар немесе қызмет көрсетуге наразылық білдірген азаматтардың шағымдары 3 сатылы тексерістен өтетін. Енді бұл механизм түбейгейлі өзгермек.

Өткен 10 айда қазақстандықтар Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне 23650 шағым түсірді. Былтырмен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 139% ұлғайған. Комитет мамандары қажетті шаралар жүргізіп, азаматтарға 612 млн теңге ақшасын қайтаруға атсалысты. Мекеме өкілдерінің айтуынша, соңғы кезде электронды маркетплэстер арқылы сатып алынған тауарларға қатысты шағым саны артып отыр. Әсіресе өнімнің интернеттегі сипаттамасы шындыққа жанаспайтын оқиғалар жиілеп кетті. 

Айдос Дауешев, Бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы:

- Электронды коммерция барлық шағымның 9% алады. Бүгінгі көрсеткіш 220% өсті. Тұтынушылар тауарды қайтара алмай, ақшасын қайтара алмай, проблемаларын бізге жазып айтады.

Сапасыз тауар саны ұлғайғандықтан, шағымдарды қарау процесін жеңілдетуге тура келді. Осыған дейін әр тұтынушы өнімді сатқан кәсіпкерге, кейін мемлекеттік органға, ал соңында сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Енді шағымды қоғамдық бірлестік пен сот өкілдері ғана қарайтын болды. Тұтынушылардың құқығын қорғауға жаңадан тағайындалатын омбудсмен көмектеседі.

Айдос Дауешев, Бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы:

- Үш сатылы тұтынушы қорғау механизмі екі сатылы механизміне көшеді. Бұған дейін тұтынушылар кәсіпкерлерге, мемлекеттік органға және сотқа жүгінген. Енді мемлекеттік органға жүгінуге еш қажеті жоқ. Омбудсмен институты енгізіледі. Ол проблемаларды шешуге көмектеседі.

Заң жобасын әзірлеген комитет өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл өзгерістер тұтынушылардың құқығын қорғау саласын жетілдіруге зор ықпал етеді. Нәтижесінде тауарлар мен қызмет көрсетулердің сапасы әлдеқайда жақсаратыны сөзсіз.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ақылбек Есімсейітов, Ернар Нысанбай

Сондай-ақ...