Қазақстан-Қытай. Логистиканың логикасы
Қазақстан мен Қытай елінің шекарасында логистикалық компаниялар саны күрт өсті.
Әсіресе Қорғас пен Алматы арасында жұмыс істейтіндер қатары артты. Жүк жөнелтумен айналысатындар аз уақыт ішінде 4 есеге дейін көбейді. Сәйкесінше сауда-саттық пен транзит көлемі де ұлғайған.
2022 жылы сауда логистикасы мен жүк жөнелту саласында небәрі 110 ғана компания жұмыс істеген. Мемлекет басшыларының деңгейінде жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде көрші елмен шекарадағы қақпа ашылды.
Осыдан кейін бір ғана Қорғас портында логистикамен айналысатын компаниялар саны 400-ден асты. Бәсекелестік туып, қызмет көрсету жақсарды. Сәйкесінше сауда-саттық пен транзит көлемі де ұлғайған. Тек Қорғас арқылы жөнелтілген импорт пен экспорт тауарларының көлемі 42 миллион тоннаға жуықтады. Сарапшылар 2024 жылы бұл көрсеткіш бірнеше есеге ұлғаяды деп болжап отыр.
Алып нарыққа жол ашылған сайын сұраныс артып, мұндай компаниялар көбейе түседі. Мұны барынша пайдалану маңызды.
Логистикалық компаниялар Қазақстаннан ғана емес, Қытай тарапынан да артып отыр. Кейінгі кездері экспорт пен импорт тауарларды жеткізу жүк көліктерімен жүзеге асырылып, сұраныс артқан. Шанхай, Сиань сияқты ірі қалалардан келіп машықтанып жатқандар бар.
Сунь Ён, логистикалық компания жетекшісі:
- Қазір жүктің бәрі автожолдармен жеткізіледі. Оның үстіне Қорғастан Қазақстанның барлық қаласына жету ыңғайлы. Мәселен, Алматыға дейін бар болғаны 400 шақырым ғана. Ары кетсе жарты күнде жетіп барасың. Әрі қарай көршілес жатқан өзге мемлекеттер де жақын.
Сонымен қатар Қазақстан Азия елдеріне шикізаттық емес экспортты арттырды. Қытайға – 10 процент, Оңтүстік Кореяға – 30 процент, Вьетнамға – 64 процентке өскен. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес тауар айналымы айтарлықтай өскен. Қазақстандық тауарлардың негізгі нарығы Қытай, Ресей, Италия елдері. Әсіресе Қытай негізгі сауда көлемі ұлғайды. Көрші елмен тауар айналымы 31,5 млрд долларға жетті. Ресеймен 26 млрд доллар, ал Италиямен 16,1 млрд доллардан асты.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы тауар айналымы 139,8 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш биыл еселенеді деп күтілуде. Демек, логистикалық қызметке де сұраныс артады деген сөз. Президент көлік-логистика саласы экономиканы алға бастайтын негізгі күшке айналуы тиіс деп қуаттап берді. Бұл түсінгенге үлкен мүмкіндік.
Руслан Бақытбекұлы, «24.KZ», ҚХР